БҰҰ қолдауының нақты мысалдары: «БҰҰ және мен» фотокөрмесі қазақстандықтарды шабыттандыратын хикаяларды шертеді
05 сәуір 2024
«БҰҰ және мен» - 30 қарапайым қазақстандықтардың хикаялары
Бүгін БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі «БҰҰ және мен» (UN & Me) фотокөрмесінде төзімділігі, табандылығы және жақсылыққа деген сенімі тек өз өмірін өзгертіп қана қоймай, тұрақты дамуға үлес қосқан қарапайым 30 қазақстандықтардың хикаясын ұсынды.
Студенттерден бастап дәрігерлер мен кәсіпкерлерге, азаматтық қоғам өкілдерінен саясаткерлер мен агрономдарға дейін әрбір оқиға адам рухының күші және жаһандық қауымдастықтың ынтымақтастығы маңыздылығын көрсетеді. 30 жылдан астам уақыт бойы БҰҰ Қазақстандағы түрлі бастамалар мен жобаларға белсенді түрде қолдау көрсетіп, қоғам дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосып келеді. 2023 жылы Қазақстан тұрақты даму жолымен одан әрі ілгеріледі, мысалы, көміртегі бейтараптығы стратегиясын, жаңа әлеуметтік кодексті қабылдады, цифрлық технологияларға негізделген қызметтерді инклюзивті ұсынуды жетілдірді, осал топтар үшін әлеуметтік-экономикалық қорғауды жақсарту бойынша шаралар қабылдады. Осы жетістіктерге қол жеткізу үшін БҰҰ саяси кеңес беріп, халықаралық нормалар мен стандарттарды алға тартты және тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету үшін бағдарламаларды нығайтты.
БҰҰ-ның Қазақстандағы басшысы Микаэла Фриберг-Стори: «БҰҰ және мен» тек Біріккен Ұлттар Ұйымы туралы ғана емес, бұл сіз бен біз туралы, әлемнің ортақ игілігіне үлес қосып жүрген әрбір адам туралы. Осындай көрмелерді өткізу аса маңызды, әрі адам рухының керемет төзімділігі мен күшін еске салып, бізді әділ және тұрақты әлем құру жолындағы жұмысымызды жалғастыруға шабыттандырады», - деп атап өтті.
Көрме кейіпкерлерінің қатарында мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғаумен айналысатын сенатор Ләззат Қалтаева, БҰҰ қолдауының арқасында дәрігер мамандығына оқып жатқан бұрынғы босқын Ясамин; ата-аналарға, соның ішінде мүгедектігі бар балалы отбасыларға маңызды ақпарат беруде Ozim әлеуметтік стартапы арқылы нағыз жаңалық жасаған Әсем Тәжиева. Құралай Бекенова гендерлік теңдік пен адам құқықтарын жақтайтын Y-PEER қозғалысының бастаушысы болса, ал Эльдар Шибанов «Тау пиязы» сценарийі үшін Венеция кинофестивалінен қаржылай көмек алып, кинода айтарлықтай табысқа жетті. Осы мысалдар жобада ұсынылған оқиғалардың аз ғана бөлігі.
БҰҰ бастамалары инклюзивті қоғам құруға бағытталған білім мен денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті кеңейтуден бастап гендерлік теңдік, экономикалық мүмкіндіктер және адам құқықтарын ілгерілетуге дейінгі мәселелердің кең ауқымын қамтиды. 2023 жылы БҰҰ серіктестермен бірлесіп Қазақстанға 33,3 миллион доллар көлемінде қолдау көрсетті.
Жазылды
Эльнара Байназарова
БҰҰ Тұрақты үйлестіруші кеңсесі
БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің Баспасөз және коммуникациялар бойынша кеңесшісі