Оқиға
21 қазан 2026
Өзгеріске бастайтын 30 қазақстандық: Астанада БҰҰ күніне орай GLOCAL көрмесі ашылды
Өрттен қорғалған орман, кітап оқуға қайта қызыға бастаған оқушылар және дәрігер болуға ұмтылған жас босқын. Бұл — бүгін Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі бірлесіп ашқан GLOCAL: Жаһандық мақсаттар. Адам тағдырлары. фотокөрмесі мен мультимедиалық экспозициясында ұсынылған 30 оқиғаның бір парасы.БҰҰ күніне орай ұйымдастырылған көрме келушілерді мақсаттар мен көрсеткіштердің ар жағындағы нақты адамдармен таныстырады. 30 фотопортрет пен бейнесұхбат арқылы GLOCAL Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) адамдардың еңбегі мен бастамалары нәтижесінде қалай жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча: «Жаһандық міндеттемелердің жергілікті жерлерде нақты іске айналуы — бүгін біз ашып отырған көрменің басты идеясы. Тұрақты даму — адамдарға дайын күйінде ұсынатын нәрсе емес. Оны біз адамдармен бірге жүзеге асырамыз. Осы БҰҰ күнінде бізді біріктіретін мұраттарды ғана емес, сол мұраттарды өмірде жүзеге асырып жүрген адамдарды да ұлықтайық», — деді. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев өзінің құттықтау сөзінде: «Қазақстан тұрақты даму мақсаттарын ұлттық даму күн тәртібіне енгізіп, олардың нысаналы көрсеткіштерін, соның ішінде Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына ықпалдастырды. Бүгінгі көрменің тақырыбы осы жаһандық күн тәртібін ұлттық басымдықтармен және еліміздің өңірлерінде, қалалары мен ауылдық елді мекендерінде жүзеге асырылып жатқан нақты іс-қимылдармен ұштастырудың маңыздылығын көрсетеді», - деп атап өтті. Көрме Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларынан, сондай-ақ Қарағанды, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарынан келген түрлі буын өкілдерінің жаңашылдыққа, табандылық пен өзгеріске толы оқиғаларын біріктіреді. Ең жас қатысушылар небәрі 17 жаста. Олардың арасында ауаны ластайтын бөлшектерді принтер картридждеріне арналған пигменттерге айналдыру технологиясын әзірлеп жүрген жас өнертапқыш, күн энергиясының көмегімен ауадан ауызсу өндіретін кәсіпкер және бастамасы нәтижесінде оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын 15 пайыздан 35 пайызға дейін арттырған ауыл мұғалімі бар. Ал жас экобелсенді екі баланың емделуіне қаражат жинауға көмектесу үшін 15 мыңнан астам пластик бөтелке қақпағын жинаған. Көрмеде басқа да тағылымды оқиғалар ұсынылған. Олардың қатарында адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация бойынша 5 мыңнан астам медицина қызметкерін оқытуға атсалысқан маман; Ауғанстаннан келген, тігін кәсібін қайта жолға қойып, Eurasian Fashion Week сән апталығына қатысқан босқын әйел; Маңғыстаудағы 145 ауыл тұрғыны мен мүгедектігі бар адамға дәстүрлі қолөнерді үйреткен шебер әйел; сондай-ақ Ливандағы БҰҰ бітімгершілік миссиясында қызмет етіп, Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесін көрсеткен әскери дәрігер бар. Бұл жетістіктер жеке бастама, білім, мүмкіндік пен әріптестіктің адамдар мен тұтас қауымдастықтардың өмірін қалай өзгерте алатынын дәлелдейді. GLOCAL көрмесі 2030 жылға дейінгі күн тәртібінің өзара байланысты бес бағытын — Ғаламшар, Өркендеу, Адамдар, Бейбітшілік және Әріптестікті — қамтиды. Экспозиция қоршаған ортаны қорғау мен инновацияның денсаулық сақтау, білім беру, тең мүмкіндіктер, адам құқықтары және ынтымақтастықпен байланысын ашады. Көрме 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы жұмысты жеделдетуге үндейтін БҰҰ-ның «Five Years For…» жаһандық науқаны аясында ұйымдастырылған. Көрме Қазақстан мен БҰҰ арасындағы 2026–2030 жылдарға арналған Тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы шеңберіндегі кең ауқымды әріптестікті де көрсетеді. Бағдарлама төрт стратегиялық басымдықты — адамдардың әлеуетін арттыру мен институттарды нығайтуды, орнықты және инклюзивті экономиканы, экологиялық орнықтылықты және қоғамдық келісімді нығайтуды — қамтып, елдегі тұрақты дамуды ілгерілетуге бағытталған бірлескен жұмыстың негізін қалайды. GLOCAL көрмесі фотосуреттер мен жеке оқиғалар арқылы келушілерді Тұрақты даму мақсаттарының артында тұрған адамдармен және олардың қоғам өміріне әкеліп жатқан өзгерістерімен танысуға шақырады. Бұл оқиғалар дамудың шынайы өлшемі қабылданған міндеттемелер ғана емес, олардың адам өміріне тигізетін нақты әсері екенін еске салады. Көрме 2026 жылғы 21 қазаннан 4 қарашаға дейін Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көпшілікке ашық болады.GLOCAL көрмесі туралыGLOCAL атауы ағылшын тіліндегі global («жаһандық») және local («жергілікті») сөздерінің бірігуінен шыққан. Бұл көрменің басты идеясын — жаһандық мақсаттардың жергілікті бастамалар арқылы жүзеге асатынын — білдіреді. 30 портрет пен өмірлік оқиға Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі адамдар мен қауымдастықтардың тұрақты дамуға қосқан үлесін көрсетеді. Жоба 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетудің маңызын көрсететін БҰҰ-ның «Five Years For…» жаһандық науқаны аясында ұсынылған.