Оқиға
03 тамыз 2025
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Қазақстанға жұмыс сапары
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бүгін таңертең Алматыға келіп, Орталық Азияға сапары аясында Қазақстанға жұмыс сапарын бастады. Бас хатшыны ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров және БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча қарсы алды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев арасындағы екіжақты кездесуде БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының шешіміне сәйкес Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша орнықты даму мақсаттарына арналған БҰҰ Өңірлік орталығын іске қосу мәселелері талқыланды. БҰҰ мен Қазақстан Үкіметі арасында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) арналған БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы қабылдаушы ел туралы келісімге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Бас хатшысының орынбасары Ли Цзюньхуа қол қойды.Бас хатшы: «Бұл орталық – өңір үшін де, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы ортақ бағытымыз үшін де жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Ол Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың ортақ басымдықтар мен шешімдерге негізделген жаңа дәуірінің нышаны. Бұл орталық өңір басшылары арасындағы мызғымас байланысты терең экономикалық ықпалдастыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Президент Тоқаевтың жаңа Орталық Азияны қалыптастырудағы көрегендігін және көшбасшылығын жоғары бағалаймын. Бұл өңір жаһандық тәртіпте барған сайын маңызды күшке айналатыны сөзсіз,» - деп атап өтті. Бас хатшы сондай-ақ 27 агенттік, қорлар мен бағдарламалардан тұратын Қазақстандағы БҰҰ Елдік тобымен кездесті. Өз сөзінде Гутерриш мырза: «Біз өзіміздің қағидаттарымызға, құндылықтарымызға және БҰҰ Жарғысына сүйенеміз. Орталық Азияда өңірлік өркендеуді нығайту және адам әлеуетін арттыру үшін зор мүмкіндік бар. БҰҰ тобының жергілікті деңгейде атқарып жатқан жұмысы жоғары бағалауға лайық. Енді осы бағытта бірге алға басайық», - деп түйіндеді. 2024 жылы Қазақстан орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында маңызды қадамдар жасады – мақсатты көрсеткіштердің 40 пайызына жуығы орындалды немесе іске асырылу жолында. Негізгі реформалар қатарына 2060 жылға дейінгі Көміртек бейтараптық стратегиясының қабылдануы, жаңа Әлеуметтік кодекстің енгізілуі, мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы және халықтың әлсіз топтарын қорғау шаралары жатады. БҰҰ халықаралық стандарттарды ілгерілету, деректерге негізделген саясат жүргізу және ел ішіндегі шешімдерді кеңейту арқылы Қазақстан мен өңірге 2030 күн тәртібін іске асыруда қолдау көрсетуді жалғастырады. Бұл сапар – ерекше маңызды сәтте өтіп жатыр. 2024 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы Болашақ үшін пактіні қабылдап, әлем енді оны іске асыру кезеңіне қадам басты. Бұл тарихи құжат орнықты даму, бейбітшілік пен қауіпсіздік, цифрлық ынтымақтастық пен жастарды тарту мәселелерін қамтитын нақты міндеттемелерден тұрады. Ол қазіргі және болашақ сын-қатерлерге төтеп бере алатын неғұрлым берік әрі инклюзивті көпжақты жүйені қалыптастыруға жол ашады. БҰҰ-ның 80 жылдығы аясында Қазақстанның Пактіні қолдауы – елдің тұрақтылыққа, әділеттілікке және ұрпақтар сабақтастығына негізделген жаһандық күн тәртібін қалыптастырудағы көшбасшылығын көрсетеді.