ЮНИСЕФ пен NINETY ONE қазақстандықтарды жастар үніне құлақ салуға шақырады
23 қыркүйек 2023
Елордада UNICEF Talks жастар конференциясы өтті
АСТАНА, 23 қыркүйек 2023 ж. – Бүгін Қазақстан астанасында БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) public talk форматында ұйымдастырған UNICEF Talks жастар конференциясы өтті. Жастарға арналған және жастар үшін өткізілетін жыл сайынғы іс-шараның ұраны "Jastar Üni" болды. Мақсат - балалар мен жастарға олар өз мүдделері мен құқықтарына қатысты барлық мәселелер бойынша еркін пікір білдіре алатын ашық алаң ұсыну.
«ЮНИСЕФ-те біз жастар үніне сенеміз және бұл үнді баршаға жеткізуге ұмтыламыз. ЮНИСЕФ балалардың барлық құқықтарының орындалуын қамтамасыз ету үшін Қазақстанда отыз жылға жуық жұмыс істеп келеді. Білім алу, денсаулық сақтау, сүйіспеншілікке толы отбасында өмір сүру сияқты бәрімізге таныс құқықтардың ішінде көпшілік біле бермейтін құқық бар, ол - балалардың өздеріне қатысты барлық мәселелер бойынша көзқарастарын еркін білдіру құқығы. Осында, UNICEF Talks алаңында - бұл құқық шындыққа айналуда",- деп ЮНИСЕФ-тің Қазақстан Республикасындағы өкілінің м.а. Летисия Баззи-Вейл өз сөзінде атап өтті.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ұлттық ізгі ниет елшілері, NINETY ONE тобының қатысушылары осы іс-шараның хедлайнерлері болды. Олар өздерінің жеке бастарынан өткен оқиғалармен және буллинг проблемасымен күресу тәжірибелерімен бөлісіп, бұл қиыншылықты қалай сәтті жеңуге болатыны жайлы айтты.
«Біз буллингке кезігу және оған қарсы тұру қаншалықты ауыр және күйзелісті екенін өз тәжірибемізден білеміз. Жас кезде қудалаумен еш қолдаусыз күресу өте күрделі болуы мүмкін. Сондықтан UNICEF Talks-қа қатысу және жас спикерлердің барлығына қолдау көрсету біз үшін маңызды болды. Олардың басымы көпшілік алдына алғаш рет шығып отыр және олар өз тәжірибелерімен бөлісуден жасқанған жоқ. Олардың әңгімелері мен өмір тәжірибесі басқа жастарға осындай қиындықтарды жеңу үшін көмек болатынына сенімдімін. Сонымен қатар Қазақстандағы әрбір баланың бақытты болашағы мен тең мүмкіндіктері қамтамасыз етілуі үшін жағдайды жақсы жаққа өзгерте алатын үлкендерге жастар үні жететіне мен сенемін", - деді Ninety ONE тобының әншісі Zaq.
NINETY ONE-мен қатар конференцияда Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі мектептер мен университеттердің атынан келген 11-23 жас аралығындағы он алты спикер сөз сөйледі. Олардың жігерлендіретін әңгімелері мен өзекті проблемаларды жеңу тәжірибесі барлық қатысушылар үшін құнды мотивация көзіне айналды.
Іс-шараға 200-ден аса қатысушы жиналды, олардың арасында ҚР орталық мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустың, медианың және жалпы жұртшылықтың өкілдері болды.