Оқиға
12 қараша 2025
«БҰҰ – 80: Шынайылық» көрмесі Астанада: 80 сирек сурет көрерменге жол тартты
БҰҰ-ның 80 жылдық мерейтойы аясында Астанада «БҰҰ-80: Шынайылық» атты фотокөрме ашылды. Архивтік материалдарға сүйенген бұл көрме Біріккен Ұлттар Ұйымының тарихындағы түрлі қырларды – күнделікті далалық жұмыстан бастап шешуші мезеттерге дейін, тағдыршешті шешімдердің алдындағы толқу мен табысты нәтижеден кейінгі сәттерді жаңа қырынан көрсетеді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығы мен БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңсесімен бірлесе ұйымдастырылды. Көрмеде БҰҰ ресми мұрағатынан алынған 80 фотосурет ұсынылған, олардың көбі сирек көрсетілген немесе бұрын жарияланбаған еді. Экспозиция БҰҰ жұмысын жасандылықсыз, адами қырынан ашады: жүздер мен эмоциялар, шаршау мен қайрат, қабылданған шешімдер мен олардың салдары – көпжақты ынтымақтастық пен гуманитарлық әрекетті алға жылжытатын шынайы көріністер. Ашылу рәсіміне мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам, академиялық орта және БАҚ тарапынан жүзден астам өкіл қатысты. Бұл Қазақстанның өңірлік диалог алаңы ретіндегі рөлін және БҰҰ тарихына деген жоғары қоғамдық қызығушылықты айқын көрсетті. Іс-шараның ашылу салтанатында БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча ханым: «БҰҰ-80: Шынайылық – бұл жай ғана көрме емес. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымын өз болмысында, қызмет ету, борыш пен үміт сәттерінде көруге шақыру. Бұл фотосуреттер бізге БҰҰ – Нью-Йорк немесе Женевадағы ғимарат қана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың – бітімгерлердің, дәрігерлердің, еріктілер мен студенттердің – жаһандық мақсаттарды өмірге жақындатуға қосқан үнсіз, бірақ мәнді үлесі екенін еске салады. Фотосурет сияқты дипломатия да назар өнері: ол маңыздыны айқындап, күрделінің арасынан жарық табуға және әрбір сынақтан адамдық мәнді көруге үйретеді», - деп атап өтті.Протоколдық кадрлардан әдейі бас тартқан кураторлық тәсіл «БҰҰ – 80: Шынайылық» көрмесін ерекше ракурстар мен кездейсоқ сәттерден құрылған әсерлі визуалды кескіндемеге айналдырады. Экспозиция әрбір жаһандық шешім мен гуманитарлық миссияның өзегінде адам, оның еңбегі, жауапкершілігі мен жанашырлығы тұрғанын еске салады. Көрме бір ай көлемінде жалғасады – 2025 ж.12 желтоқсанға дейін. Кіру – тегін. Экспозиция онжылдықтарға бөлінген тараулардан тұрады және әр кезеңнің негізгі белестері мен жетістіктерін көрсетеді. Сонымен қатар БҰҰ мен Қазақстанның ынтымақтастығына арналған жеке тарау және Қазақстандағы БҰҰ Елдік тобының қызметін, оның қарапайым адамдардың өмірін қалай өзгерткенін көрсететін «БҰҰ және мен» атты арнайы бөлім бар.Өтетін орны: Президенттік орталық, Астана қ., Бөкейхан көшесі, 1А.