Оқиға
07 сәуір 2026
БҰҰ Қазақстанда жол қауіпсіздігі бойынша жаһандық науқанды іске қосты
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының #MakeASafetyStatement жаһандық ақпараттық науқанына қосылды. Бұл бастама спорт, кино және музыка саласындағы танымал тұлғалардың қолдауымен жүзеге асырылып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім мен жарақаттарды азайтуға бағытталған. 2026 жылғы 3 сәуірден бастап Астана және Алматы қалаларында RTSDecaux компаниясының жарнамалық нысандарында науқан материалдары орналастырылды. Науқанға Новак Джокович, Жан Рено, Майкл Фассбендер және Мишель Йео сияқты әлемге танымал тұлғалар қатысып, жол қауіпсіздігі бойынша негізгі хабарламаларды кең аудиторияға жеткізуде. Науқан әлемнің 80 астам елін және 1000 астам қаласын қамтыды. Бұл бастамаға қосылу арқылы Қазақстан жол қауіпсіздігін ілгерілетуге бағытталған ауқымды халықаралық күш-жігердің бір бөлігіне айналады.Науқан БҰҰ Бас хатшысының жол қауіпсіздігі жөніндегі Арнайы өкілінің кеңсесі тарапынан JCDecaux компаниясымен ынтымақтастықта және Saatchi & Saatchi қолдауымен жүзеге асырылуда. Ол қоғам қайраткерлерін, шешім қабылдаушыларды және пікір көшбасшыларын жол қауіпсіздігі бойынша жеке жауапкершілік алуға шақырады. Науқан қарапайым, тиімді және ғылыми дәлелдерге негізделген мінез-құлық үлгілерін насихаттап, қауіп факторларын азайтуға бағытталған әрекеттерге үндейді.«Жол-көлік оқиғалары — бұл бүкіл әлемдегі “үнсіз пандемия”, ал Қазақстанда олар жыл сайын 2000 астам адамның өмірін қиып, мыңдаған отбасы мен қоғамға әсер етуде. Өлім-жітім деңгейінің төмендеуі және қауіпсіздік белдіктерін міндетті пайдалану сияқты оң өзгерістерге қарамастан, жылдамдықты асыру және мас күйінде көлік жүргізу сияқты мәселелер сақталуда. Қозғалыс қарқыны артқан сайын, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты күш-жігер қажет», - деді БҰҰ Бас хатшысының жол қауіпсіздігі жөніндегі Арнайы өкілі Жан Тодт. «Жол қозғалысы қауіпсіздігі — тек көлік мәселесі ғана емес, бұл қоғамдық денсаулық, тұрақты даму және адам өмірін сақтау мәселесі. Жолдағы әрбір өлім мен ауыр жарақаттың алдын алуға болады. Осы науқан арқылы біз жауапкершілік, өзара құрмет және жүргізушілерді, жолаушыларды, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерді қорғауға бағытталған қарапайым, өмірді сақтайтын шешімдер мәдениетін қалыптастыруға ұмтыламыз. Қазақстанда бұл сондай-ақ қоғамды қауіпсіз, инклюзивті және тұрақты мобильдік туралы кең ауқымды диалогқа тартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча.Жол-көлік жарақаттары жаһандық деңгейде қоғамдық денсаулық пен даму үшін маңызды проблема болып қала береді. Жыл сайын әлемде шамамен 1,19 миллион адам жол апаттарынан қаза табады және бұл жастар арасындағы өлімнің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Қазақстанда Бас прокуратура деректеріне сәйкес, 2025 жылы 36 146 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның ішінде 1 796-сы өліммен аяқталған.«Алматы және Астана қалаларында қоғамдық көлік аялдамаларының өз желісін пайдаланатын біздің компания, өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларымен үнемі бетпе-бет кездеседі. Сондықтан БҰҰ-ның #MakeASafetyStatement жаһандық науқанына қатысу біз үшін жай ғана ақпараттық қолдау емес, Қазақстан жолдарында жауапкершілік пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға қосқан нақты үлес болып табылады. Сыртқы жарнама мүмкіндіктерін пайдалана отырып, біз миллиондаған адамдарға қарапайым, бірақ өмірді сақтайтын қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын жеткізуді мақсат етеміз. Бұл қағидалар адам өмірін сақтауға және қалалық ортаны барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін неғұрлым тұрақты әрі жайлы етуге ықпал етеді», — деп түйіндеді RTSDecaux компаниясының бас директоры Арман Қағаров.Науқанды қолдайтын халықаралық тұлғалар қатарында Дидье Дрогба, Патрик Демпси, Шарль Леклер, Марк Маркес, Кайли Миноуг и Юссу Н’Дур бар. Жалпы алғанда, 16 әлемдік танымал тұлға мен Олимпиада чемпиондары науқанның хабарламаларын БҰҰ-ның алты ресми тілінде таратуға атсалысуда. Науқан жаһандық пікір көшбасшыларын жұмылдырып және ауқымды медиа платформаларды пайдалана отырып, мінез-құлық өзгерістерін жеделдетуге және 2030 жылға дейін жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім мен жарақаттарды екі есеге қысқартуды көздейтін БҰҰ-ның Жол қауіпсіздігі жөніндегі іс-қимыл онжылдығының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.БҰҰ Бас хатшысының жол қауіпсіздігі жөніндегі Арнайы өкілінің кеңсесі #MakeASafetyStatement науқанын халықаралық және ұлттық серіктестермен бірлесіп жалғастырып, жаһандық жол қауіпсіздігі күн тәртібін ілгерілетуді және барлық жол қозғалысы қатысушыларының жауапты мінез-құлқын насихаттауды жалғастырады.