АЛМАТЫ - Бүгін Еуропалық Одақ пен БҰҰ Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Spotlight аймақтық бастамасының VI компоненті бойынша Орталық Азиядағы азаматтық қоғам ұйымдары үшін шағын гранттар байқауының нәтижелерінің тұсаукесері болды, онда Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан, Қазақстаннан грант алушы ұйымдардың 15 өкілі өздерінің қызметі мен жоспарланған іс -шаралары туралы айтты.
Гранттық бюджеттің жалпы сомасы шамамен 409 мың АҚШ долларын құрады.
Гранттар тек COVID-19 жағдайында гендерлік зорлық-зомбылықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жұмыс орнындағы жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жоюға бағытталған шектеулі шаралар мен іс-шараларды қаржыландыруға арналған.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаела Фриберг-Стори «Азаматтық қоғам ұйымдары, оның ішінде әйелдер құқығын қорғау жөніндегі ұйымдар мен шағын мекемелер даму үдерісінің маңызды қатысушылары болып табылады, өйткені олар құрбандарды қайта бағыттау жүйесін, түрлі секторлардағы қауымдастықтар мен институционалдық қызметтер арасындағы байланысты дамытып қана қоймай, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің әртүрлі нысандарына ұшырайтын адамдарға кешенді қызметтер көрсетеді» деп атап өтті.
COVID-19 дағдарысы зорлық-зомбылық құрбандары үшін сот төрелігіне қол жеткізуді шектейді, өйткені мемлекеттік органдар қызметтерді қысқартты. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге медициналық көмекке жүгіну қиынға соғады, себебі денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық түсіп отыр. Қозғалыс шектеулері азаматтық қоғам ұйымдарының құрбандарға қолдау көрсету қабілетіне нұқсан келтіреді, оларға өмірлік маңызды қызметтерді көрсетуге кедергілер бар.
«Азаматтық қоғам пандемия кезінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен жаһандық күресте алдыңғы қатарда болуды жалғастыруда. Әйелдер мен қыздардың артта қалмауын қамтамасыз ету үшін бұл ұйымдардың тиісті қаражат алуы өте маңызды. Әйел құқықтарын қорғайтын ұйымдар «Spotlight» бастамасының назарында. Бұл өршіл мақсатқа жету үшін барлық негізгі қатысушылардың ықпалдастығы, тиімді ынтымақтастығы мен серіктестігі қажет. Бастаманың табысы Орталық Азия мен Ауғанстан үкіметтері мен азаматтық қоғамының тікелей қатысуынсыз мүмкін болмайды», - деді ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің ынтымақтастық жетекшісі Йоханнес Стенбаек Мадсен.
«Spotlight» бастамасы гендерлік теңдікке және зорлық-зомбылықты жоюға маңызды, келісілген және жан-жақты инвестиция әйелдер мен қыздардың өміріне өзгеріс енгізе алатынын көрсетеді. Бұл бастаманың жаһандық бюджетінің 50% азаматтық қоғам ұйымдарын қолдауға кететінін атап өту маңызды.
«15 грант алушы СOVID-19 контекстінде отбасылық зорлық-зомбылыққа жауап беру үшін өздерінің ұйымдастырушылық жүйелерін, құралдары мен процестерін енгізіп, жетілдіре алады. Олардың әлеуеті кешенді қызметтер көрсету, нұсқаулықтар, брошюралар және басқа да ақпараттық өнімдер әзірлеу есебінен, сондай-ақ қызметтерді тиімді ұсыну мен оңалтудың; одан әрі ұсынымдар әзірлей отырып, сексуалдық және гендерлік зорлық-зомбылық саласындағы заңнамаға талдау, зерттеулер мен шолулар жүргізудің арқасында нығая түседі», - деп атап өтті «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Қазақстандағы өкілі Мария Доценко.
Гранттарды Қазақстанның 5 ұйымы иеленді: «Қайсар» қоғамдық қоры, «Doktor S. N.» қоғамдық қоры, «Зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалыс НеМолчи.KZ қоғамдық қоры» қоғамдық бірлестігі, «Мой дом» халыққа әлеуметтік көмек көрсету және дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігі;
Қырғызстаннан 3: «Қаниет» оңалту орталығы» қоғамдық қоры, «Позитивный диалог» қоғамдық қоры, «Тендеш» қоғамдық ұйымы;
Тәжікстаннан 3: «Мумтоз» қоғамдық ұйымы, «Лоджвар» қоғамдық ұйымы, «Мир права» қоғамдық ұйымы;
Өзбекстаннан 4: «NIHOL» бастамаларды дамыту және қолдау орталығы, Ферғана облыстық Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, Хорезм облысының «Истикбол» әйелдер орталығы, «Қалб нури» орталығы гранттарға ие болды.
Анықтама:
Spotlight бастамасы – Еуропалық Одақ пен Біріккен Ұлттар Ұйымының көп жылдық жаһандық серіктестігі шеңберінде 2030 жылға қарай әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін тоқтатуға бағытталған әлемдегі ең ірі мақсатты бағдарлама. Орта Азия мен Ауғанстанда «Spotlight» заң шығару мен саясаттағы нақты олқылықтарды жоюға, институттарды нығайтуға, гендерлік теңдікті ілгерілетуге, зардап шеккендерге сапалы қызмет көрсетуге және әйелдер қозғалысын кеңейтуге бағытталған. Бұл бастама бар күш-жігерді біріктіреді және аймақтық мекемелер мен әр түрлі серіктестердің жұмысын толықтырады. Толығырақ www.spotlightinitiative.org сайтынан біліңіз.