Қазақстандағы БҰҰ күні: «Қанаттылар» инклюзивті театры қойылымының тұсаукесері өтті
Орталық Азиядағы тұңғыш «Қанаттылар» инклюзивті театры сахналаған «Қызжылаған» спектаклінің тұсаукесерімен БҰҰ күнін мерекелеу шарасы өтті.
Театрдың мақсаты – мүгедектігі бар жандардың дарындылығын ашу, сахна кеңістігінде олардың шығармашылық әлеуетін дәріптеу, қоғам ұзақ уақыт байқамаған мүмкіндіктерін жүзеге асыруларына түрткі болу және тұрақты жұмыспен қамту.
Іс-шараны Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының қолдауымен ұйымдастырды. Шараға 500-ден астам адам, оның ішінде ҚР орталық мемлекеттік органдары, дипломатиялық корпус, үкіметтік емес сектор, мүгедектігі бар адамдар істері бойынша қоғамдастықтар, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары, ғылыми топтар өкілдері және барша қызығушылық танытқан қонақтар қатысты.
Биылғы БҰҰ күні Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30-жылдығы, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей өңіріне көмек көрсету туралы қарарының 25 жылдығы аясында өтуде. «Қызжылаған» қойылымы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасы негізінде дайындалды. «Қызжылаған» – Семей ядролық полигонынан мүгедек болып, өспей қалған қыз өмірі жайында. Ләйләнің ащы, аянышты тағдыры арқылы қазақтың бойына біткен мінезін, қазақтың басындағы қасіретін бере алған ұлы шығарма.
Мереке қонақтарының алдында сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның Қазақстандағы басшысы Микаэла Фриберг-Стори: «БҰҰ бұрын-соңды болмаған сынақтан өтіп жатыр. Бірақ сонымен бірге бүгінде БҰҰ бұрынғыдан да қажет. Бүгінде Қазақстанда БҰҰ-ның 27 агенттіктері, қорлары мен бағдарламалары жұмыс істейді және біз осы үш онжылдықтағы әріптестігімізді мақтан тұтамыз. Біз Қазақстанды дамытуға бағытталған мыңдаған бағдарламаларды бірлесіп жүзеге асырдық. Қазақстан Үкіметімен ағымдағы бесжылдық ынтымақтастық бағдарламасы аясында үш бағытқа назар аударып отырмыз: адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту, Қазақстан халқына мемлекеттік қызметтерді көрсету институттарын күшейту, қоршаған ортаны қорғау және инклюзивті экономикалық өсу. Бүгінгі «Қанаттылар» инклюзивті театрының қойылымы – соның бір жарқын мысалы», - деп атап өтті.
Сахналық қойылым – ядролық сынақ полигонының салдары, адам мен табиғат өзара үйлесімділігі және адамгершіліктің қай дәуірде де адам жанының жауhары екені жайлы баяндайды. Қойылым дәстүр мен жаңашылдық, ерекше режиссерлық шешіммен ерекшеленеді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы адамзаттың мүдделері мен шұғыл қажеттіліктеріне қызмет ететін бірден-бір әмбебап ұйым болып қала береді. Қазақстан БҰҰ-ның рөлі мен беделін және жақсы өмірге деген ұжымдық тілегімізді жүзеге асыру үшін оның қызметінің барлық салаларын нығайтуға атсалысуды жалғастырады. Тұрақты даму ешкімді артта қалдырмай, баршаны қамтитын үрдіс», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров.
Сондай-ақ шара барысында Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30-жылдығына орай естелік пошта маркасы мен тиын тұсаукесері өтті. 2022 ж. 26 қазанда «Естелік және мерейтойлық күндер» сериясының маркасы мен «Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелігінің 30 жылдығына» арналған естелік тиын айналымға енгізілді. Марка кескіндемесінің негізі ретінде домбыра таңдалды, себебі қазақтың дәстүрлі домбыра күйі ЮНЕСКО Материалдық емес мәдени мұраның репрезентативті тізіміне енгізілген. Ал тиын дизайнында Қазақстан картасының контурының ішінде орналасқан БҰҰ ресми эмблемасы қолданылған. Дизайн қосымша элементтері – Қазақстанның басқа елдердің, БҰҰ-ның тең құқықты мүшелерінің арасында әлемдік қауымдастыққа жататынын бейнелейтін жұлдыздар.
Сондай-ақ, БҰҰ күні аясында «Қазақстан – БҰҰ: гендерлік теңдік саласындағы жетістіктер» атты фотокөрме ұсынылды, онда әйелдердің күш-жігері мен еліміздің әртүрлі бағыттағы дамуындағы рөлі фото мұрағат тілімен бейнеленген.
Шараның толық бейнежазбасы қолжетімді.