15 желтоқсанда Ауғанстанның Пактика провинциясындағы Бармал ауданының тұрғындарына 2022 жылдың тамыз айында Қазақстан жіберген матрацтар мен киім-кешектерді қоса алғанда, 2000 тұрмыстық заттар тапсырылды. Қазақстан бұл заттарды 2022 жылғы маусымдағы жер сілкінісінен зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек көрсету үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі агенттігіне (БҰҰ БЖКБ) сыйға тартты.
Гуманитарлық көмек Өзбекстан үкіметінің қолдауымен 2021 жылдың қазан айында БҰҰ БЖКБ құрған Термез қаласындағы Аймақтық гуманитарлық логистикалық орталық арқылы Қазақстаннан Ауғанстанға жөнелтілді. Өзбекстан-Ауған шекарасынан екі шақырымнан аз жерде орналасқан Өзбекстанның оңтүстігіндегі Термез қаласындағы Аймақтық орталық Ауғанстанға, көршілес елдерге және одан тыс жерлерге гуманитарлық көмектің уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ететін БҰҰ БЖКБ жаһандық жеткізу тізбегінің бөлігі болып табылады.
Гуманитарлық көмекті Қазақстанның Ауғанстандағы Елшісі Әлімхан Есенгелдиев табыс етті. «Қазақстан халқының атынан осы қиын-қыстау кезеңде сіздерге біздің қолдауымыздың белгілерін беру мен үшін үлкен мәртебе», - деді салтанатты шара барысында Елші Есенгелдиев.
«Біз Қазақстаннан келген бұл қайырымдылықты болашаққа деген үмітпен бағалаймыз, өйткені бұл аймақта күн өте суық және бұл заттар біз үшін өте пайдалы», - деді жер сілкінісінен зардап шеккен жергілікті қоғамдастықтың өкілі.
2022 жылдың маусым айындағы жер сілкінісінен 1000-ға жуық ауғандық, оның ішінде 300-ден астам бала қаза тапты және Бармал, Гиян және Спераның қатты зардап шеккен аудандарындағы үйлердің 70 пайызын қиратты немесе зақымдады.