Баспасөз мәлімдемесі

ФАО Қазақстандағы ескірген пестицидтер мен ластанған топырақ мәселесін шешу үшін бірқатар тренингтер өткізді

14 маусым 2023

Астана, 9 маусым – Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Шымкент, Атырау және Алматы қалаларында Қазақстандағы ескірген пестицидтер мәселесін шешуге арналған үш күндік оқу бағдарламаларының сериясын өткізді.

Caption: ©FAO/Dinara Bekmagambetova

Тренингтердің мақсаты 90-ға жуық қатысушыларды, соның ішінде ұлттық және аймақтық билік органдарын, үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да мүдделі тараптарды ұлттық ескірген пестицидтер тізілімін құру және тізілім деректері негізінде пестицидтерді тиімді басқару және жою стратегияларын әзірлеу бойынша білім мен құралдармен қамтамасыз ету болды.

Семинарлар Жаһандық экологиялық қор (GEF) қаржыландыратын ФАО-ның «Орталық Азия мен Түркияда тұрақты органикалық ластаушы заттары бар пестицидтерді жою және пестицидтердің өмірлік циклін басқару» жобасы аясында ұйымдастырылды.

21 миллион гектардан астам кең байтақ егістік алқаптары бар Қазақстан кеңестік дәуірдегі ескірген пестицидтердің қалдықтары мен тұрақты органикалық ластаушы заттармен топырақтың ластануынан айтарлықтай қиындықтарға тап болып отыр. Бұл химиялық заттарды дұрыс пайдаланбау және кәдеге жарату адам денсаулығы мен қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіреді. Бүгінгі таңда еліміздегі 727 пестицидтер қоймасындағы ескірген пестицидтердің орны, түрі және саны туралы деректер жоқ. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғаудың тиісті шараларынсыз пестицидтер төгілген көптеген қосымша орындар бар деп болжауға болады.

Бұл мәселені шешу үшін ФАО екі әдістеме әзірледі. Бірінші әдіс қоймалардағы қаптамалардағы ескірген пестицидтердің көлемін бағалауға жарамды, ал екіншісі жылдам қоршаған ортаны бағалау (REA) деп аталатын ықтимал ластанған жерлерді бағалайды. Екі әдістеме де қоршаған ортаға және денсаулыққа қауіп-қатерді бағалау және тәуекелдерді басқару әрекеттеріне басымдық беру үшін ақпарат береді.

ФАО өткізетін үш күндік оқу бағдарламалары түгендеу топтары мен ұлттық және аймақтық үкіметтердің білімі мен дағдыларын жақсартуға бағытталған. Оқыту бағдарламасы түгендеу процесін жоспарлау, ескірген пестицидтерден туындайтын қауіптер және түгендеу топтары үшін денсаулықты қорғау шаралары, деректерді жинау, өңдеу және сақтау сияқты тақырыптарды қамтыды.

Тренингтер барысында қатысушылар инвентаризациялау және химиялық талдау үшін топырақ үлгілерін жинаудың екі әдістемесін қолданып, бұрынғы пестицидтерді сақтау орындарын аралады. Төрт облыстың (Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары) өңірлік департаменттері жұмыс жоспарларын жасап, түгендеу процесінде әкімшілік және техникалық қолдау көрсетуге міндеттеме алды.

Оқыту бағдарламалары жергілікті атқарушы органдардан, Экология және табиғи ресурстар министрлігінен, Денсаулық сақтау министрлігінен, Ауыл шаруашылығы министрлігінен және үкіметтік емес ұйымдардан оң пікірлер алды. Осы ұйымдар өкілдерінің тренингтерге белсенді қатысуы олардың Қазақстандағы ескірген пестицидтермен және ластанған топырақтармен байланысты өзекті проблемаларды шешуге ұжымдық ниетті екенін көрсетті.

ФАО Қазақстанның басқа аймақтарында қосымша тренингтер өткізеді. Ескірген пестицидтерді түгендеу 2023 жылға дейін жалғасады. Жыл соңына дейін еліміздің түкпір-түкпірінен мәліметтер жинақталады. Ұлттық тізілімді құру осы қауіпті заттармен байланысты тәуекелдерді азайту бойынша тиімді стратегиялар мен практикалық жұмыстарды әзірлеуге берік негіз береді.

Жоба жайлы

Қазақстан пестицидтердің өмірлік циклін басқаруды жақсарту бойынша ФАО-ГЭФ бастамасына қосылды

Осы бастамаға қатысушы БҰҰ агенттіктері

ФАО
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы

Біз осы бастама арқылы қолдайтын мақсаттар