Прогресс үшін бірігу: ЕО мен БҰҰ гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия Альянсының іске қосылуын қолдайды
03 шілде 2023
«Жарық сәулесі» (Spotlight) бастамасының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік бағдарламасы Басқарушы комитеттің басқосуы
27 маусымда Алматыда БҰҰ-ның «Жарық сәулесі» (Spotlight) бастамасының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік бағдарламасы аясында Еуропалық Одақтың жомарт қолдауымен гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия Альянсы ресми түрде іске қосылды. Бұл инновациялық бастама гендерлік зорлық-зомбылықпен күресуге және бір мезгілде гендерлік теңдікке қатысты тұрақты даму саласындағы 5-мақсатқа (ТДМ 5) қол жеткізуге бағытталған. Альянс гендерлік теңдікті ілгерілетуді, азаматтық қоғамды нығайтуды және өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылықты алдын алу және шешу мақсатында білім мен тәжірибе алмасу платформасын құруды мақсат етеді. Іске қосу шарасына ЕО, БҰҰ, Орталық Азия елдерінің, дипломатиялық корпустың, азаматтық қоғам ұйымдарының, БАҚ және жастар бірлестіктерінің 70-тен астам өкілдері жиналды.
Гендерлік зорлық-зомбылық бүкіл әлемдегі әйелдер мен қыздардың әл-ауқаты мен құқықтарына қауіп төндіреді. БҰҰ мәліметтері бойынша, Орталық Азиядағы әрбір үшінші әйел мен қыз өмірінің қандай да бір кезеңінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Альянстың түпкі мақсаты – Орталық Азияның бес еліндегі шамамен 35 миллион әйелдер мен қыздардың өміріне пайдалы әсер ететін гендерлік зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру.
Қатысушыларға жолдаған сөзінде ЕО-ның Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас: «Орталық Азиядағы адамдар өздерінің дәстүрлерін мақтан тұтады және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық ешқашан оған тән болған емес. Осыған сүйене отырып, Еуропалық Одақ, Орталық Азия елдері және БҰҰ серіктестері әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін жою үшін бірлесіп жұмыс істеуде. Біз «Spotlight» бастамасы аясында күш біріктіреміз және жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықты жою бойынша Орталық Азия Альянсын құрамыз, бұл бәрімізге заманауи және әділ қоғамды қалыптастыруға көмектеседі», - деп атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар өз жұмыстары туралы ақпаратпен бөлісті және әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресте кездесетін мәселелерді талқылады. Альянстың құрылуы маңызды кезең болып табылады және «Spotlight» бастамасы аясындағы өңірлік бағдарламаның негізгі жетістіктерінің бірі болып табылады. Бағдарлама 2020 жылы іске қосылғаннан бері айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді, соның ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және полиция секторларының жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылыққа көп салалы жауап беруге қатысуы туралы өңірлік зерттеулер жүргізілді. Басқа да табысты жетістіктердің қатарында Бағдарлама шеңберінде гендерлік зорлық-зомбылыққа ден қоюды ұйымдастыру туралы бес елді қамтитын есеп дайындалды, Орталық Азиядағы 7 миллион адам арасында гендерлік теңдік пен салауатты еркектік туралы хабардарлық арттырылды, 6 елден келген 130 журналистке гендерлік проблематиканы ескере отырып материалдар дайындау бойынша тренинг өткізілді, сондай-ақ 500-ден астам азаматтық қоғам өкілдерін қамтитын өңірлік желіні қалыптастыруға қолдау көрсетілді.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори: «Бүгінгі күн Орталық Азиядағы әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі ЕО-мен бірлескен күш-жігерімізде маңызды кезең болып табылады. Альянс бұрыннан бар басқа өңірлік және ұлттық бастамалар мен коалициялармен бірге жұмыс істейді. Біз өңірдегі барлық серіктестерді гендерлік зорлық-зомбылықты жою үшін осы маңызды күш-жігерге қосылуға шақырамыз. Бірге жұмыс істей отырып, біз ортақ күшімізді жойқын нормаларға қарсы тұру, қорғаныс тетіктерін нығайту және зардап шеккендерге әділеттілік пен қолдау қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін пайдалана аламыз», - деп түйіндеді.
«Spotlight» бастамасының өңірлік бағдарламасы шеңберінде Орталық Азия Альянсының іске қосылуы адам құқықтары, теңдік және әділеттілік қағидаттарын сақтауға деген табанды бейілділікті білдіреді. Ол ЕО мен БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы Күн тәртібінде көрсетілген трансформациялық көзқарасқа қол жеткізуге деген жалпы бейілділігінің мысалы ретінде қызмет етеді. ЕО мен БҰҰ бірлескен күш-жігерімен, сондай-ақ олардың өңірлік серіктестері Орталық Азиядағы әйелдер мен қыздар зорлық-зомбылықсыз және кемсітусіз өмір сүре алатын болашаққа жол ашады. Орталық Азия альянсы басқа өңірлерді оның моделін ұстануға және гендерлік теңдікке жаһандық қозғалысқа үлес қосуға шақыратын шабыттандыратын үміт шамы ретінде қызмет етеді.
Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған «Spotlight» бастамасы аясындағы өңірлік бағдарлама әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың түрлерімен, сондай-ақ зиянды тәжірибелермен күресуге бағытталған 25-тен астам елдер мен 6 өңірде Еуропалық Одақ қаржыландыратын жаһандық бастаманың бөлігі болып табылады. Бастаманың үйлестірушісі Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесі болып табылады, ал оны іске асыру БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Халық қоныстану қоры (ЮНФПА) және «БҰҰ-әйелдер» құрылымы арқылы жүзеге асырылады.
Анықтамалық ақпарат
«Spotlight» бастамасы («Жарық сәулесі») – 2030 жылға қарай әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін жою бойынша әлемдегі ең ірі мақсатты жұмыс. Ол 2016 жылдан бастап Еуропалық Одақ пен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы жаһандық көпжылдық серіктестік аясында жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда «Spotlight» бастамасы бүкіл әлем бойынша 25 елдік және 6 өңірлік бағдарлама болып табылады. Орталық Азия мен Ауғанстанда «Spotlight» бастамасы жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық жағдайлары мен зиянды тәжірибелерді түсіну, алдын алу және оларға ден қою үшін инновациялық тәсілдерді қолдануға бағытталған. ЕО қаржыландыратын бағдарлама (5,3 млн. АҚШ доллары) 5 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: құқықтық, институционалдық, әлеуметтік нормалар, деректер және азаматтық қоғам. www.spotlightinitiative.org сайтынан көбірек біліңіз
Жазылды
Эльнара Байназарова
БҰҰ Тұрақты үйлестіруші кеңсесі
БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің Баспасөз және коммуникациялар бойынша кеңесшісі