ӘЖК67: Цифрландыру арқылы гендерлік теңдікті ілгерілетудегі Қазақстанның инновациялық тәсілі ӘЖЖК67
16 наурыз 2023
Гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін цифрлық инновацияларды қолданудың қазақстандық тәжірибесін Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссияның (ӘЖК67) алпыс жетінші сессиясының ілеспелі іс-шарасында ұсынды.
9 наурызда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымның қолдауымен «Ұрпақ теңдігі» форумының Іс-қимыл коалицияларының міндеттемелерін орындауды жеделдету үшін цифрландыру мен инновацияларды қолданудағы Қазақстанның тәжірибесі» атты іс-шара өтті.
ӘЖК67-дегі қазақстандық делегацияның құрамына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымның және Қазақстандағы БҰҰДБ ұлттық сарапшылары кірді. Фото: Азиза Шужееваның жеке мұрағаты
Ілеспелі іс-шара барысында «Ұрпақ теңдігі» жаһандық форумы (GEF) шеңберінде міндеттемелерді орындауда ұлттық жетістіктер ұсынылды. 2021 жылы GEF шеңберінде Қазақстан гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және экономикалық әділеттілік пен құқықтарды ілгерілету жөніндегі екі коалицияға қосылды, содан кейін гендерлік теңдік саласындағы алшақтықтарды жою бойынша бес міндеттеме алды. Қазақстанның GEF контекстіндегі міндеттемелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жоюға және әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесуге бағытталған саясатына негізделген. Ілеспелі іс-шара барысында Қазақстан гендерлік теңдік саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындау шеңберінде цифрландырудағы инновациялық тәсілдерді ұсынды.
Солардың бірі - Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымның қолдауымен құрылған «Теңдік үшін әрекет ет» аймақтық виртуалды тәжірибе қоғамдастық яғни Орталық Азиядағы әйелдер мен қыздарға қатысты гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылықты жою саласындағы озық тәжірибелерді алмасу платформасы болып табылды.
Аталмыш қауымдастық әртүрлі мемлекеттік құрылымдардың, парламентарийлердің, сарапшылардың және Орталық Азия мен Ауғанстан азаматтық қоғамының өкілдерінің қатысуымен жан-жақты пікірталастар үшін құрылған. 2021 жылдан бастап виртуалды қоғамдастық мүдделі тараптарды, сарапшылар мен белсенділерді Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасын, сондай-ақ Орталық Азиядағы Әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік, Адам құқықтары және гендерлік теңдік мәселелері бойынша күн тәртібін іске асыру тәжірибесімен алмасу үшін жинайды. Платформаның арқасында 1000-ға жуық серіктес ынтымақтастықты нығайтып, білім мен дағдыларын алмасты.
Сонымен қатар, Қазақстан Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ЕО-БҰҰ «Жарық сәулесі» бастамасының аймақтық бағдарламасына өз үлесін қосты.
Қазіргі уақытта Қазақстан БҰҰ электрондық үкіметінің даму индексінде 28-ші және 193 ел арасында Электрондық қатысу индексінде 15-ші орында.
«Бүгінде Қазақстан - адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын технологиялық шешімдерді қолданудың алдыңғы қатарында. Біз инновация үшін экожүйе жасап отырмыз. Astana Hub, біздің IT-стартаптарға арналған флагман - әлемнің түкпір-түкпірінен жас және талантты IТ мамандарын тарту үшін жомарт салықтық жеңілдіктер, визалық қолдау және басқа да артықшылықтар ұсынады. Ұсынған қызметтер арасында инновациялық мектептердегі әлемдік тәлімгерлердің қатысуымен қол жетімді тегін курстар да бар. Astana Hub технопаркінің әйелдер персоналының үлесі 61% құрайды, оның ішінде әйелдердің 63% - басшылық лауазымдарда қызмет етеді. IT-мектеп студенттердің 30% - дан астамын әйелдер құрайды», - деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Инновациялық және технологиялық тәсілдерді қолдану шеңберінде Қазақстан Үкіметі халықтың осал топтары өкілдерін әлеуметтік қолдауды жеңілдетуге арналған отбасының цифрлық картасын іске қосты. Отбасылық цифрлық карта - бұл 24 мемлекеттік органдар мен 30 дерек ресурстардан дерек жинақтайтын және мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтайтын цифрлық платформа.
«Бұл көмекке мұқтаж адамдардың «нақты бейнесін» білдіретін және мемлекеттік қолдау шараларын ұсынатын, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға тұрақты мониторинг жүргізетін цифрлық платформа. Бұл бізге отбасының мәселелерін көруге және оларға бюрократиясыз қолдау мен қызмет ұсыныстары бар хабарламалар мен ескертулер жіберуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр Мусин.
Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға және анықтауға, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге бағыттай отырып, аталмыш платформаның әзірлеуін қолдады. Әлеуметтік тәуекелдерді анықтау әдістемесі олардың басталуының алдын алу процесіне, оның ішінде әйелдерге қатысты кез келген зорлық-зомбылық әрекетіне және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды анықтауға негіз бола алады. Отбасылық цифрлық карта денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызметтер, құқық қорғау органдары сияқты төрт саладағы гендерлік сезімтал көрсеткіштер арқылы жеке тұлғаның осалдық деңгейін бағалайды және болжайтын болады.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау
Өткен жылы Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 17 орталығы (ӘKДО) іске қосылды, бұл әйелдерге өз бизнесін бастауға немесе кеңейтуге мүмкіндік берді. «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының бұл жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, ҚР Үкіметі, «БҰҰ-әйелдер», БҰҰДБ және Азия Даму Банкі қолдады. Білімге қол жеткізу, қаржы және желі бойынша кеңес беруден басқа, әйелдерге өз бизнесін цифрландыру және электрондық коммерция платформаларында іске қосу үшін қажетті құралдар мен білім беріледі.
«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары 9 000 әйелге барлығы 26 386 түрлі қызмет көрсетті. Бұл жобаның ерекшелігі-әйелдердің қажеттіліктері бойынша қызмет көрсету. Оқу бағдарламаларының ішінде SMM маркетинг, маркетплейстерде бизнес жүргізу курстары ерекше танымал болды. Кәсіпкер әйелдер өз бизнесін цифрландыру, электрондық коммерция платформаларын пайдалану және әлеуметтік желілерде ілгерілету үшін қажетті білім алды», - деп атап өтті Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының үйлестірушісі Нұргүл Мұсабекова.
Қарағандыдағы "Dignatera" цифрлық технологиялар орталығының негізін қалаушы Перизат Инкарбаева әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында оқудан өткеннен кейін қала әкімдігінің грантын жеңіп алды. Оның робототехника және нейротехнологияларды оқыту жобасы өзекті және сұранысқа ие деп танылды.
«ӘKДО арқасында мен әлеуметтік кәсіпкерлікке оқытудан өттім. Бүгінде біздің орталықта 150-ден астам бала оқиды, ал менің бизнесімнен түскен табыс екі есе өсті. Ең бастысы, балалардың цифрлық технологияларды үйренуге мүмкіндігі бар. Біздің орталық екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы екі жыл ішінде біз республикалық және халықаралық байқаулардың көптеген жеңімпаздарын дайындадық және оқытушылар үшін жаңа жұмыс орындарын аштық. Біз Қазақстанның ұлттық инновациялық орталығы ретінде қаланың дамуына өз үлесімізді қосқанымызды мақтан тұтамыз», - деп атап өтті кәсіпкер.
Сондай-ақ, ӘЖК67 аясында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі (АҚШ) штаб-пәтерінде «Есік артында» қазақстандық цифрлық өнер көрмесі ашылды. Бұл Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге арналған әлеуметтік арт-жоба. Зорлық-зомбылықтан аман қалған бес әйелдің хикаясы заманауи өнер тілімен баяндалады. Коллекцияның барлық өнер нысандарын қазақстандық суретшілер жасаған. Барлық экспонаттар NFT платформасында блокчейн пішімінде де орналастырылған және оларды сатудан түскен қаражат зорлық-зомбылық құрбандары болған әйелдерді қолдау орталықтарына жұмсалады. Осы жоба - өзекті әлеуметтік мәселелерге назар аудару үшін смарт шешімдер мен DOOH экожүйелерін қолданатын қазақстандық CITIX компаниясының әлеуметтік бастамасы. Көрмені Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БҰҰ-әйелдер» құрылымның қолдауымен ұйымдастырылған.
«ӘЖК67-де қазақстандық делегация қоғамның игілігі үшін және халықтың осал топтарын қолдау үшін цифрлық технологияларды пайдаланудың үздік ұлттық тәжірибелерімен бөлісті. Қазақстанның ӘЖК67 іс-шарасында еліміздің негізгі жетістіктері, атап айтқанда, экономикалық әділеттілік пен құқықтар және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы жөніндегі «Ұрпақ теңдігі» жаһандық форумының Іс-қимыл коалициялары шеңберінде өз міндеттемелерін белсенді орындауда цифрлық технологияларды пайдалану ұсынылды. Гендерлік зорлық-зомбылық мәселесі туралы хабардарлықты арттыруға арналған қазақстандық суретшілердің тамаша туындылары бүгінде жаһандық алаңда ұсынылған және барлық қатысушы елдердің делегаттары үшін қолжетімді», - деп атап өтті Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" құрылымның өкілі Мария Доценко.