ЮНИСЕФ пен Динара Сәдуақасова Қазақстанда жаңа қайырымдылық науқанын іске қосты
23 қаңтар 2023
Енді әрбір қазақстандық «Әр балаға отбасы» қайырымдылық науқанына өз үлесін қоса алады.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі, шахмат ойыншысы Динара Сәдуақасовамен бірлесіп, «Әр балаға отбасы» қаражат жинау науқанын бастады. Науқан аясында әрбір қазақстандық өз үлесін қосып, ең осал топтағы балалар – отбасының, ата-анасының қамқорлығы мен жылуынсыз қалуы мүмкін немесе қалған балаларға көмектесе алады. Науқанның мақсаты - балалардың интернат мекемелеріне ағынын азайту, әр балаға сапалы отбасылық тәрбие беру, сондай-ақ отбасыларды қажетті әлеуметтік қызметтер мен қолдаумен қамтамасыз ету.
«ЮНИСЕФ-тің бұл игі бастамадағы негізгі мақсаты – әр баланың қамқор отбасылық ортада өсу құқығын қорғау. Сіздердің қайырымдылық жасау үшін берген қаражаттарыңыз Қазақстандағы әрбір бала үшін осы ортақ іске өз үлесін қосады деп сенемін», - деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизен.
Динара Сәдуақасова қазақстандықтарға бейнеүндеу жолдап, онда баланың ең бақытты естеліктері өз отбасымен байланысты екенін атап өтті. Бала отбасында ғана өзін қауіпсіз сезіне алады. Ол ата-анасынан және отбасынан бөлек тұратын бала өміріндегі ең ауыр психологиялық жарақатқа тап болатынын және оның ұзақ мерзімді жағымсыз салдары болатынын атап өтті. Динара барлық бей-жай қарамайтын қазақстандықтарды «Әр балаға отбасы» науқанын қолдауға және мына сілтеме бойынша өз үлесін қосуға шақырды.
Әрбір баланың отбасында өсу құқығына 1994 жылы Қазақстан Үкіметі ратификациялаған БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясы кепілдік береді. Өкінішке орай, жыл сайын Қазақстанда 2000-ға дейін бала әртүрлі себептермен интернаттық мекемелерге түседі. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы маңызды міндеті – осындай мекемелерге балалардың ағынын азайту және әр балаға сапалы отбасылық тәрбие беру.
Балалардың жан-жақты азаматтық, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын кемсітусіз қорғауды қамтамасыз ету арқылы отбасыларды қолдау бағдарламалары арқылы балаларды ата-аналарынан айырылу себептерін жою аса маңызды.
Егер бала туған ата – анасымен қалуын қамтамасыз ету қолдан келмесе, және жақын туыстары оған күтім жасай алмаған жағдайда, алыс туыстарын тарту арқылы отбасылық күтімді қамтамасыз етуге барлық күш-жігер салыну қажет, ал мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда-отбасылық алмастырушы орта жағдайына жүгіну қажет. Балаларды интернаттық мекемелерге орналастыруға жол бермеу үшін Қазақстандағы кәсіби патронаттық отбасылар институтын одан әрі дамыту жөніндегі қажетті заңнамалық негізді қамтамасыз ету маңызды. Бұл жағдайда фокус баланың туған отбасында қалуы керек. Егер бала интернат мекемесіне немесе кәсіби патронаттық отбасына түссе де, өз туыстарының құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілу қажет.
ЮНИСЕФ-тің бүкіл әлем бойынша осы бағыттағы ұзақ жылдардағы тәжірибесі бұл ата-ана дағдыларын арттыру бағдарламаларын дамыту, балалары бар отбасыларды әмбебап медициналық, білім беру қызметтерімен қамту, сондай-ақ қол жетімді, қауіпсіз, инклюзивті, әділ және қолайлы, балалардың әл-ауқатына бағытталған әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету, балалардың мекемелерге ағынын бақылау және интернаттық мекемелерді жетілдіру арқылы мүмкін болатындығын көрсетеді. Бүгінгі таңда ЮНИСЕФ , Қазақстан үкіметі және азаматтық қоғам Қазақстанның балалары мен отбасылары үшін келесі нәтижелерге қол жеткізе алды:
- Өмірлік қиын жағдайда отбасыларға қажетті көмекті уақтылы алу үшін арнайы әлеуметтік жұмыс пен қызметтерді дамыту, сондай-ақ балаларынан бөлінудің алдын алу үшін ата-аналарға қолдау көрсету осы процестің негізгі бөлігі болып табылады.
- Балалар үйлерін өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардықолдау орталықтарына айналдыру және олардың санын соңғы бес жылда 3-тен 18-ге дейін ұлғайту.Алдағы уақытта орталықтар балалар мен отбасыларға кешенді психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік кеңес беру және басқа да қолдау көрсету үшін ЮНИСЕФ уәкілетті органдарға қолдау көрсетуді жалғастыру.
- Қазақстан бойынша әртүрлі үлгідегі балалар мекемелеріне сараптамалық қолдау көрсету, оның ішінде басқа елдердің техникалық білімі мен озық тәжірибесін беру, елдегі балаларды қолдау орталықтарының өңірлік тәжірибесін құжаттау, осы мекемелерді қайта құру үшін нұсқаулықтар мен әдістемелерді әзірлеу.
«Әрбір балаға отбасы» науқаны аясында жиналған ақшалай қаражат Қазақстандағы әрбір бала үшін ең жақсы нәтижелерге қол жеткізу бағытындағы кешенді жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді. ЮНИСЕФ жұмысы толығымен бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдардың және үкіметтердегі, азаматтық қоғамдағы және жеке сектордағы серіктестеріміздің ерікті қолдауының есебінен қаржыландырылады. Сондықтан ЮНИСЕФ қаржыландыру көздеріне және ресурстардың қалай және қандай бағдарламаларға жұмсалатынына қатысты айқындық мәселесіне ерекше назар аударады. Көмек көрсетудегі айқындықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық бастаманың (IATI) қатысушысы бола отырып, ЮНИСЕФ қолданыстағы айқындық порталы арқылы жұртшылықтың жедел деректерге және бағдарламалар туралы деректерге ашық және жан-жақты қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің «Әр балаға отбасы» науқаны балалардың ата-анасынан ажырауын болдырмауға көмектеседі. Ал егер бала интернаттық мекемеге орналастырылған жағдайда, балаларға биологиялық ата-аналармен байланысын қалпына келтіруге немесе жаңа отбасын табуға көмектесе отырып, қазақстандық отбасыларға сапалы әлеуметтік,медициналық және білім беру қызметтерін көрсетуді қолдайды. Науқанның негізгі бағыты-балаларды интернаттық мекемелерге орналастыруға жол бермеу, баланы отбасылық күтудің басымдығы.. Сіз науқанды қолдай отырып, балаларға қолайлы отбасылық ортада дамып, өз әлеуетін толық жүзеге асыра алатындай қажетті нәрсені алуға көмектесе аласыз. Тіпті аз ақшалай үлес мұқтаж баланың өмірін жақсарта алады. Осы сілтеме арқылы дәл қазір сайтта қайырымдылық жасаңыз.