«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» науқаны биыл бүкіл Қазақстанды қамтыды
16 елдің елшілері мен БҰҰ агенттіктерінің басшылары Қазақстанның мектептері мен университеттерінде гендерлік зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік тақырыбында ашық сабақтар өткізді. Іс-шара «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» халықаралық науқаны аясында өтті.
Жыл сайынғы «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» науқаны биыл бүкіл Қазақстанды қамтыды. Республикада тіркелген дипломатиялық өкілдіктер мен БҰҰ агенттіктерінің басшылары бірігіп, еліміздің әр аймағында жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында байқау өткізді. Қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына назар аударатын және оған мүлдем төзбеушілік қағидасын насихаттайтын шығармашылық жұмыстар жасау ұсынылды. Жоғары сынып оқушылары креативті TikTok бейнероликтерін жасап, плакаттар салып, дебаттар өткізді. Университет студенттері гендерлік теңдікке арналған кейс чемпионатына қатысты, бұл гендерлік зорлық-зомбылық мәселелеріне жастардың назарын аударудың, өз университеті және/немесе жергілікті қоғамдастықтың деңгейінде шешімді тұжырымдаудың және оны сарапшыларға, ұстаздарға және әріптестерге ұсынудың инновациялық тәсілі болып табылады.
Байқаулар ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өтті. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі оқу орындары студенттер арасында гендерлік зорлық-зомбылық туралы хабардарлықты арттыруға қызығушылық танытып, бұл бастамаға белсенді түрде атсалысты.
Байқауларды қорытындылау мақсатында 16 елдің елшілері мен БҰҰ агенттіктерінің басшылары Қазақстанның барлық облыстарындағы мектептерде ашық сабақтар мен университеттерде арнайы дәрістер өткізіп, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ дипломаттар мектеп оқушылары мен студенттерге зорлық-зомбылыққа қарсы сөйлеп, бастама көтеретін мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы туралы атап өтті.
Жыл сайын әлемде әрбір үшінші әйел, ал Қазақстанда әрбір алтыншы әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Жәбірленушілердің үштен бірі ғана полицияға бұл туралы хабарлайды. Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы полицияға 2022 жылы 61 мыңнан астам шағым түскен. Зерттеулер көрсеткендей, аналары зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен қыздар зорлық-зомбылыққа көбірек бейім.