Бүгін Шымбұлақ шыңында, теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікте, Әділ Әубекеровтың БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған ірі көлемді муралының таныстырылымы өтті.
Бүгін Шымбұлақ шыңында, теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікте, Әділ Әубекеровтың БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған ірі көлемді муралының таныстырылымы өтті. 36 × 6 метр өлшемдегі ауқымды жұмыс Living Atmosphere бастамасымен, Банк ЦентрКредиттің қолдауымен, Shymbulak курорты және БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесімен бірлесе жүзеге асты. Жоба қаланың мәдени өмірі мен БҰҰ80 мерейтойлық бағдарламасындағы айрықша оқиғаға айналды.
Салтанатты ашылу рәсімі барысында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек: «Бұл мурал БҰҰ-ның тапсырысы емес — ол қоғамның өзінен, жеке сектордың бастамасынан және жергілікті әріптестердің қолдауынан туды. Дәл осы — Тұрақты даму мақсаттарының мәні. Мұнда, Шымбұлақта, ол сөз жүрмеген жерде өнер сөйлейтінін еске салады. Сондай-ақ, әрқайсымызды инновациялар адамдарға қызмет ететін, табиғат қорғалатын және ешкімнің ескерусіз қалмайтын әлем құруға шақырады», - деп атап өтті.
Таныстырылымға қоғамдық ұйымдар, мәдениет пен академиялық қауымдастық дипломатиялық корпус және БАҚ өкілдері қатысты. Қонақтар жобаның тұжырымдамасымен және жасалу тарихымен танысып, одан соң курорт мамандары биік таулы жағдайларда жұмысты жүзеге асыру үшін қолданылған мекен ерекшеліктері мен техникалық шешімдерге назар аударған шолу өткізді.
«Біз Шымбұлақтың тартымдылық нүктесіне айналғанын қалаймыз — тек спортшылар үшін ғана емес, сонымен қатар шығармашылық интеллигенция, сән-салтанат ортасы мен заманауи мәдениет пен стильді қалыптастыратын адамдар үшін де. Шымбұлақ — біздің мұрамыз, және оның өмір сүріп, дамып, шабыт беріп, біріктіріп отырғанынқалаймыз», — деді Shymbulak Development басқарушы директоры Нұрлан Сейтқазин.
Caption: Adil Aubekerov, artist, author of the mural
«Мурал тұжырымдамасы көшпелілердің көрнекі және материалдық емес мұрасына сүйеніп, символдар тілін заманауи көркем формаға айналдырады. Әрбір бөлшек өз мәнін сақтайды. Оларды біріктіре отырып, мен бізді қауымдастық ететін құндылықтар туралы сыр шертемін — табиғатқа, көршіге, бейбітшілікке құрмет. Мен үшін бұл мурал — БҰҰ 80 жыл бойы қорғайтын құндылықтардың мозаикасы және болашаққа бағытталған көшпенділер көзқарасы», — деп атап өтті суретші Әділ Әубекеров.
Бұл — Біріккен Ұлттар Ұйымына арналған, әлемдегі ең ірі биік таулы мурал, әрі ол Ұйымның 80 жылдығы жылында жасалды. Жылдар бойы әлемнің әр түкпірінде БҰҰ тақырыбына арналған ірі өнер жобалары жүзеге асқанымен, бұл жұмыс БҰҰ мандаты мен орнықты даму мақсаттарының мағынасын қазақтың көшпелі мәдениеті символикасы арқылы дәл бейнелейтін қуатты визуалды метафорасымен ерекшеленеді.
«Біз жаңа дәуірдің меценаттығына сенеміз: өнерді қолдау — үйге қамқорлық жасағандай табиғи нәрсе», - дейді Living Atmosphere компаниясының негізін қалаушы Лаура Адамова. «Біздің компания жаңа уақыттың жиһаздық шешімдерін жасайды — біз бір реттік нәрседен гөрі ұзақмерзімділікті, шудан гөрі мағынаны таңдаймыз. Осы тұрғыдан біз суретшімен бір тілде сөйлейміз: өмір сүруге жағымды, келер ұрпаққа аманат етіп қалдырғың келетін кеңістікті жасаймыз. Сондықтан Әділдің муралы — біз үшін жай ғана таулы аймақтың қабырға суреті де, не PR жобасы да емес, бұл — бірегей туынды, яғни аспанға көз тіккен және өз құндылықтарына берік мұра».
Әубекеровтың көркем тілі дәстүрлі бейнелік жүйеге мұқият назарды биология мен анимализмге қызығушылықпен ұштастырады: палеолит дәуірінің петроглифтерінен және «жануарлар стилінен» бастап заманауи урбанистік графикаға дейін. Сызық пен түс — адам мен табиғаттың үйлесім тапқан әлемдері мен экожүйелерінің тоғысуы; ал айтыс рухына жақын импровизация композицияға ішкі динамика береді. БҰҰ-ның 80 жылдығында Шымбұлақтағы мурал өнер, табиғат және қоғамды бір кеңістікке тоғыстырып, бейбітшілік, адами қадір-қасиет және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік туралы бейнелейтін визуалды манифест ретінде жаңғырады.
Мурал UN80 — БҰҰ-ға арналған ең ірі биіктаулы өнер нысаны: жалпы ауданы 216 м², өлшемі 36 × 6 м. Жоба биік таулы жағдайда жүзеге асырылып, сол ортаға тән сын-қатерлермен қатар жүрді: температураның күрт ауысуы, сирек ауа, жел жүктемесі, сондай-ақ материалдар мен командаларды жеткізуге қатысты күрделі логистика. Бұл факторлар ерекше техникалық шешімдер мен мұқият жоспарлауды талап етті. Нәтижесінде нысан бір мезгілде қорғаныс функциясын орындай отырып, курортқа келген әрбір қонаққа көрінетін ірі көркем доминантаға айналды.
Жазылды
Эльнара Байназарова
БҰҰ Тұрақты үйлестіруші кеңсесі
БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің Баспасөз және коммуникациялар бойынша кеңесшісі