БҰҰ мен «Қазпошта» БҰҰ 80 жылдығына орай мерейтойлық пошта маркасын ұсынды
17 қазан 2025
Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасының салтанатты таныстырылымы өтті.
Жаңа шығарылым — БҰҰ және қазақстандық суретшілердің ынтымақтастығының нәтижесі. Ол ұйым қызметінің өзегіндегі құндылықтарды, символизм мен адам жылулығын паш етеді.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча ханым: «БҰҰ-ның 80 жылдығын атап отырып, біз бұл естелік пошта маркасының тек мекемелерге ғана емес, адамдар жүрегіне де жол табуын қаладық. Дизайнында түрлі жастағы, мамандығы мен өмірлік жолы сан алуан адамдар бейнеленген – ерлер мен әйелдер, ұлдар мен қыздар, мүгедектігі бар адамдар және егде жастағы жандар – барлығы да бейбітшілік көгершінінің мейірімді бейнесі астында біріктірілген. Осы мейірімді кескіндеме арқылы біз БҰҰ рухын – адамзаттың алуантүрлілігін және үйлесім мен тұрақты дамуға деген ортақ ұмтылысымызды жеткізгіміз келді», - деп атап өтті.
«Қазпошта» АҚ Пошта қызметі бойынша басқарушы директор Бағлан Оразбай: «Марка таныстырылымы БҰҰ-ның мерейтойына арналған іс-шаралар сериясының бір бөлігі болып, орнықты даму мақсаттарына жетуде Қазақстанның сенімді әріптес ретіндегі маңызды рөлін айқындайды. Пошта маркасы — мағынаның ерекше тасымалдаушысы: ол арқылы оқиға айтуға, ой салуға, адамдарды біріктіруге болады. Біз 80 жылдыққа арналған марканың қазақстандық суретші Қарлығаш Исмағұлованың қатысуына және инклюзия, отбасы құндылықтары мен мәдени бірегейлік тақырыптарына айрықша назар аударылғанына қуаныштымыз. Бұл жұмыстан жылылық, қолжетімділік және адамгершілік сезіледі», - деді.
«Қазпошта» ұлттық бірегейлікті нығайтуға, мәдениетті дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жобаларды көп жылдан бері қолдап келеді. Компания бүгінгі шығарылым ұлттық та, жаһандық та филателиялық шежіренің маңызды бөлігіне айналады деп сенеді.
Мерейтойлық марка — жай ескерткіш белгі емес, ол — бейбітшілік, бірлік және жарқын болашаққа ұмтылыстың көркем символы. Ол коллекционерлерге де, сондай-ақ ынтымақ пен гуманизм рухын сезінгісі келетін барша жанға қолжетімді болады. Бұл рух сегіз онжылдық бойы елдер мен халықтарды БҰҰ туының астына біріктіріп келеді.
2025 жылғы 17 қазанда жарық көрген UN80 маркасы 9×11 см парақ түрінде ұсынылған, номиналдық құны — 900 теңге, таралымы — 5000 дана. Иллюстрацияны танымал суретші Қарлығаш Исмағұлова әзірледі; оның дизайны БҰҰ құндылықтарын дәріптей отырып, отбасылық жылулық пен ұлттық бірегейлік элементтерін үйлестіреді.
Жазылды
Эльнара Байназарова
БҰҰ Тұрақты үйлестіруші кеңсесі
БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің Баспасөз және коммуникациялар бойынша кеңесшісі