Қазақстандағы БҰҰ күні: мәдени мұра мен жаһандық бірлік мерекесі
05 қараша 2024
«Жастар» театры орындауында «Жібек» мюзиклі
Бүгін Астанада БҰҰ күні «Жастар» театрының орындауындағы «Жібек» мюзиклінің қойылымымен атап өтілді. Іс-шараға үкімет, дипломатиялық корпус, азаматтық қоғам, БАҚ, ғылыми орта және жеке сектордан 300-ден астам өкіл қатысты. Биылғы БҰҰ күні Қазақстанның мәдени мұрасына қолдау көрсетіп, бейбітшілік, тұрақты даму және көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетудегі БҰҰ мен Қазақстан арасындағы берік серіктестікке назар аударады. БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі ұйымдастырған іс-шара мәдениеттің қауымдастықтарды біріктіруде және олардың тұрақтылығын арттырудағы рөлін атап өтті.
Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі м.а. Стивен О'Малли жиналғандар алдында сөзінде: «Менің елге келгеніме небәрі бесінші күнім және бүгін киген шапаным қазақ мәдениетінің қаншалықты тез тамыр жайғанын айғақтайды. Бұл қазақ халқының қонақжайлығының арқасында деп есептеймін. Бүгін біз БҰҰ барлығымыз үшін қызмет етеді әрі бізден құралатынын еске саламыз», - деп атап өтті. Жаһандық сын-қатерлер туралы ой елегінен өткізе отырып, ол дағдарыстарды еңсеру және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды: «Жалғыз үміт жеткіліксіз, біз бейбітшілік, ортақ гүлдену және дамыған әлемнің шешімдерін табу үшін бірге жұмыс істеуіміз керек. Бұл жастардың БҰҰ үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Жастар - біздің басты байлығымыз, олар шығармашылыққа және өзгерістердің қозғаушы күшіне толы. Біз бүгін сахнада осы серпінді көретінімізге сенімдіміз».
О'Малли мырза сондай-ақ Қазақстанның көпжақтылыққа бейілділігін атап өтіп, оның ядролық қарусыздану, климаттық іс-қимыл және гуманитарлық көмек саласындағы көшбасшылығын, сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарына адалдығын атап өтті. Ол Қазақстанның БҰҰ Елдік тобының жұмысына қосқан елеулі үлесімен қолдау тапқан БҰҰ мен Қазақстан арасындағы берік серіктестікке жоғары баға берді.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин: «Қазақстан БҰҰ-мен жемісті ынтымақтасады, оның мұраттары мен мақсаттарының дәйекті жақтаушысы болып табылады. БҰҰ биік мінберінен көтерілген көптеген бастамаларымыз сәтті жүзеге асып, әлемдік қауымдастықтың мойындауына ие болды», - деп түйіндеді.
Мерекенің негізі «Жастар» театры әртістерінің орындауындағы «Жібек» мюзиклі болды. XVI ғасырдағы «Қыз-Жібек» эпосы негізінде дайындалған қойылым махаббат, достық, ерлік пен табандылықтың мәңгілік тарихын баяндайды. Жауһар жырдың жандану мен тіл қату әдісі де, «сөйлеу» қалыбы да өзгеше. Евгений Брусиловскийдің заманауи үлгіде қайта өңделген классикалық музыкасы өзінің тереңдігімен, көркем интерпретациясымен көрерменді баурап алды. Сәулетші В. Калмыков 1954 жылы салған бұрынғы Теміржолшылар сарайында орналасқан «Жастар» театры Қазақстанның тарихи-мәдени ерекшелігін БҰҰ миссиясымен үйлестіре отырып, шара өткізуге лайықты орынға айналды.
«Төлеген мен ару Жібектің әсерлі де қайғылы махаббат хикаясын біздің елдің бәрі біледі. Ол осыдан 85 жыл бұрын композитор Евгений Брусиловский жасаған тұңғыш қазақ операсы «Қыз-Жібектің» негізін қалады. «Жастар» театрының шығармашылық ұжымы БҰҰ күніне орай Брусиловскийдің музыкасы мен Ғабит Мүсірепов либреттосының интерпретациясын ұсынды. Біздің кредомыз – тәжірибе жасап, жас ұрпақпен олардың тілінде сөйлесу», - дейді «Жібек» мюзиклінің режиссері Нұрқанат Жақыпбай. «Біз эпикалық жырды бидің мәнерлі тілі арқылы қайталай отырып, бүгінгі күнге жақындаттық”.
Спектакльден басқа, іс-шара аясында БҰҰ-ның Қазақстандағы бенефициарларының портреттері көрсетілген «БҰҰ және мен» атты фотокөрме өтті, ол БҰҰ-ның бүкіл елдегі қауымдастықтарға және жеке тұлғаларға әсерін сипаттады.
Биылғы БҰҰ күнін мерекелеу Қазақстанның БҰҰ-мен берік серіктестігіне, сондай-ақ мәдени мұраның күші, жастарды тарту және барлығы үшін тұрақты болашақты ілгерілетудегі халықаралық ынтымақтастыққа құрмет көрсетуде. Жыл сайын атап өтілетін БҰҰ күні жаһандық ұйымның бүкіл әлемде бейбітшілік, қауіпсіздік, тұрақты даму және адам құқықтарын қолдау жөніндегі миссиясын атап өтеді.
Жазылды
Эльнара Байназарова
БҰҰ Тұрақты үйлестіруші кеңсесі
БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің Баспасөз және коммуникациялар бойынша кеңесшісі