БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Қазақстан Сенат Төрағасымен тұрақты даму күн тәртібін ілгерілету мәселесін талқылады
04 наурыз 2026
Бүгін БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру, заңнамалық процестерде халықаралық сараптаманы пайдалану және тұрақты даму күн тәртібін ілгерілету мәселелерін талқылады.
Әсіресе Сенаттың тұрақты дамуды іске асыруды мониторингтеу жөніндегі Парламенттік комиссиясының жұмысы мен Қазақстанның тұрақты даму саласындағы көшбасшылық рөлі атап өтілді.
Сондай-ақ тараптар гендерлік теңдік, әйелдердің парламенттегі өкілдігі, бюджеттік жоспарлау, адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерді іске асыру, алдағы өңірлік бастама - Өңірлік экологиялық саммит пен ынтымақтастық болашағын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша БҰҰ мен Қазақстан Парламенті арасындағы серіктестікті одан әрі нығайту және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайындық білдірілді.