Біріккен Ұлттар Ұйымы 2023 ТДМ Саммитінде өзара әрекетті күшейтуге шақырады
06 қыркүйек 2023
Қазақстандық БАҚ пен БҰҰ ТДМ Саммиті қарсаңында ақпараттық брифинг өткізді
2023 жылғы 18-19 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының Жоғары деңгейдегі апталығында жоспарланған 2023 Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) Саммиті қарсаңында БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өткізді. Шараға Қазақстанның жетекші БАҚ өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары қатысып, тұрақты дамуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
2030 жылға дейінгі жолдың жартысында тұрақты даму елеулі қиындықтарға тап болды. Мақсаттардың 15%-ы ғана орындалуда, ал 37%-ы 2015 жылдың бастапқы деңгейінен де төмен регрессияны көрсетуде. Жаппай кедейшілікте өмір сүретін адамдардың саны төрт жыл бұрын болған көрсеткіштен жоғары, ал аштық 2005 жылғы деңгейге қайта оралды. Құқықтық қорғаудағы гендерлік алшақтықты жою және кемсітушілік заңдарды жою үшін адамзатқа 286 жыл қажет. Мысалы, Қазақстанда халықтың 10% ұлттық байлықтың 66% иеленсе, жердің 21,3% тозған, ал ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы 8 жыл. Алайда Қазақстан Орталық Азиядағы ең урбанизацияланған мемлекет: халықтың 62%-ға жуығы қалаларда тұрады, 1993 жылдан бері ана өлімі 73%-ға төмендеді, электр қуатына қолжетімділік 100%-ға қамтамасыз етілген.
ТДМ саммиті БҰҰ-ның штаб-пәтерінде 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібін және оның 17 тұрақты даму мақсаттарын іске асыру жолындағы қол жеткен жетістіктерді бағалау үшін мемлекет және үкімет басшыларын жинайды. Әлемдік көшбасшылар ТДМ трансформациясы бойынша батыл жаһандық және ұлттық міндеттемелерді қабылдайды деп күтілуде. Саммиттің қорытындысы келісілген саяси декларация болмақ.
Қатысушыларға жолдаған сөзінде БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори: «2030 жылға дейінгі жарты жолда ТДМ уәделеріне қауіп төніп тұр. Әлемнің көптеген басқа аймақтарындағы сияқты Қазақстанда да біз бетбұрыс кезеңінде тұрмыз. Аталмыш Саммитте біз алдымызда тұрған мақсаттардың бірегейлігін мойындаймыз. Біздің міндет – серпінді жандандыру ғана емес, алға қарай тұрақты жолды құру. Біз бірге қиындықты мүмкіндікке айналдыра аламыз және ешкімді артта қалдырмай ортақ болашақ құра аламыз», деп атап өтті.
Үкімет, бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық қоғам, жеке сектор, жастар және басқа да мүдделі тараптар ТДМ жүзеге асыруда басты рөл атқарады. Олардың қатысуы ТДМ Саммитінің сәтті өтуі және оның жалғасы үшін маңызды болады. Іс-шараға қатысушылар ТДМ жаһандық әсерін және осы мақсаттарға қол жеткізу барлығы үшін неғұрлым әділ, тұрақты және гүлденген әлемге қалай әкелетінін атап өтті.
Анықтама
ТДМ саммиті 2023
2023 ТДМ Саммиті 2023 жылғы 18-19 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының Жоғары деңгейдегі апталығы аясында өтеді. Мемлекет және үкімет басшылары тұрақты дамудың 2030 күн тәртібін және 17 Тұрақты даму мақсатын (ТДМ) іске асыру барысын қадағалау және қарау үшін Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде жиналады. Саммитті БҰҰ Бас Ассамблея Төрағасы жүргізеді. Саммиттің қорытындысы келісілген саяси декларацияны қабылдау жоспарланған. Бұл 2015 жылдың қыркүйегінде 2030 жылға дейінгі күн тәртібі қабылданғаннан бергі ТДМ екінші саммиті. Ол 2023 жылы басқа да маңызды оқиғаларға, соның ішінде аз дамыған елдерге, су, апат қаупін азайту және азық-түлік жүйелеріне арналған халықаралық конференцияларға негізделеді. Бұл сондай-ақ 2024 жылы БҰҰ-да шақырылатын Болашақ саммитіне жасалған қадам болмақ.