2021 жылы 8 қыркүйекте Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 30 жыл толуына және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың 15 жылдығына орай Қазақстандағы БҰҰ «Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығы: жаһандық даму, бейбітшілік пен қауіпсіздікке әсері» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Шараға Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Невада-Семей ядролық қаруға қарсы қозғалысының негізін қалаушы Олжас Сүлейменов, Ерекше тапсырмалар бойынша Елші, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Бірінші Тұрақты өкілі, ҚР бұрынғы Сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекова, ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Қайрат Саржанов, АӨСШК Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд, Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық кампанияның Атқарушы директоры Беатрис Фин, Қазақстандағы БҰҰ-Әйелдер Өкілі Мария Доценко, дипломатиялық корпус, жас буын өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори өзінің алғы сөзінде: «Ядролық сынақтар нәтижесінде адамзат азап шегіп, қоршаған ортаға үлкен залал келді. Экожүйелер жойылды, оны қалпына келтіру үшін ондаған жылдар, тіпті, ғасырлар қажет болады. Бұл күн – барлық ядролық сынақтардың заңсыздығын жариялау туралы біздің міндеттемемізді растау мүмкіндігі. Бұл мақсатқа жетуді кейінге қалдыруға ешқандай себеп жоқ», деп атап өтті.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық қауіпсіздік департаментінің Директоры Қайрат Саржанов тәуелсіздікке қадам басқан сәтте Семей полигоны жабылуының үлкен саяси маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар елдің аймақтық және жаһандық ауқымда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бастамаларына тоқталды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Олжас Сүлейменовтің ядролық қаруға қарсы әлемдегі тұңғыш қозғалыс «Невада-Семейдің» құрылу тарихы туралы сөздері жиынға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстан тарихының қайғылы кезеңдері ядролық қару мен оны сынаудың салдары күллі адамзаттың гүлденген және қауіпсіз болашағына сәйкес келмейтінін анық көрсетеді.
Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекова өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигонын жапқан Қазақстанның тарихи үлесі, кейін ЯҚТШ-ға ядролық емес мемлекет ретінде қосылуы және ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы туралы айтып, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұңғыш Тұрақты өкілі ретінде ол жылдар бойы әлем қауымдастығының жаңа тәуелсіз Қазақстанға көрсетілген лайықты құрмет пен сеніміне куәгер болғанын мәлімдеді.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Форум жаһандық ядролық қарусыздануға және өзінің жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздікті нығайтуға үлкен мән беретінін атап өтті. 2002 жылғы Алматы Актінде Кеңеске қатысушы мемлекеттердің көшбасшылары қарусыздану мен қаруды бақылау, жаппай қырып-жоятын қаруды жоюға қатысты барлық халықаралық келісімдердің әмбебаптығы және таратпауды ынталандыру аймақ мемлекеттері арасында сенімділікті нығайту үшін маңызды екенін мойындады.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында өзінің саяси жауапкершілігін және жетекші ядролық державалармен өзара сенімге негізделген серіктестік үлгісін көрсеткенін атап өтті.
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд пен Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық кампанияның Атқарушы директоры Беатрис Фин (кез келген ядролық қарудың қолданылуының апатты салдары туралы хабардар ету жөніндегі жұмысы үшін және мұндай қаруға заң жүзінде тыйым салуға ұмтылғаны үшін Нобель Бейбітшілік сыйлығын алған ұйым) қатысушыларға бейнехабарлама жеткізді.
Дөңгелек үстел аясында қатысушылар назарына Қазақстан тарихының қайғылы беттері – Семей полигонындағы ядролық сынақтар зардаптарына арналған арнайы бейнеролик ұсынылды.
Іс -шараның толық бейне-жазбасы төмендегі сілтеме бойынша қолжетімді:
https://www.youtube.com/watch?v=8m47mGuoPYc&t=1s