Алматыда Қазақстан Сыртқы істер министрінің БҰҰ Елдік тобымен кездесуі өтті
17 ақпан 2026
Алматыда Қазақстан Сыртқы істер министрінің БҰҰ Елдік тобымен кездесуі өтті
Алматы, 2026 ж. 14 ақпан – Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Елдік тобы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен тұрақты даму басымдықтарын ілгерілету мақсатындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылау үшін кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар 2026–2030 жылдарға арналған Тұрақты даму жөніндегі БҰҰ Ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын қарастырды. БҰҰ Елдік тобы алдағы бағдарламалық кезеңге арналған стратегиялық басымдықтарын таныстырып, инклюзивті экономикалық өсуді, экологиялық тұрақтылықты, цифрлық трансформацияны, әлеуметтік қорғауды және институттарды нығайтуды ілгерілетуге бағытталған бастамаларды ұсынды.
Тараптар БҰҰ Жарғысының қағидаттарына адалдықтарын және ұлттық, өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді шешудегі көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бейілділіктерін растады.
Алматы қаласында Орталық Азия және Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Аталған орталық 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін іске асыру мақсатында білім алмасу, саясаттық диалог және әлеуетті арттыру алаңы болмақ.
Тараптар сондай-ақ 22–24 сәуірде өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық мәселелерін, сондай-ақ БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастама аясындағы консультацияларды қоса алғанда, өңірлік су ынтымақтастығы бағытындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Қазақстанның цифрлық трансформациясы контекстінде Алматы қаласында БҰҰ ЭСКАТО Тұрақты даму үшін Азия және Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасының маңыздылығы атап өтілді. Бұл бастама елдің өңірлік инновациялар және тұрақты шешімдер орталығы ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты даму мүддесінде Қазақстанда және өңірде нақты ынтымақтастықты тереңдетуге, күш-жігерді үйлестіруге және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге өзара қызығушылықтарын растады.