БҰҰ-ның 80 жылдығына орай Астанадағы Президенттік орталықта Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдегі адамдар, миссиялар мен қызметі тарихын фотосуреттер арқылы таныстыратын көрме ашылды. Көрмеде ұсынылған фотосуреттер өз кейіпкерлерінің шынайы, қойылымсыз эмоцияларын бейнелеуімен ерекшеленеді. Олардың қатарында пандемия кезінде алғы шепте еңбек еткен дәрігерлер мен медицина қызметкерлері, қақтығыс аймақтарында көмек көрсеткен бітімгерлер, тағдырлы шешімдер қабылдаған дипломаттар мен мемлекет басшылары, сондай-ақ бейбітшілік пен гуманитарлық қызмет жолына өзін арнаған еріктілер бар. Сондай-ақ бірқатар фотосуреттерде Қазақстанның БҰҰ-ға мүше мемлекет ретінде отыз жылдан астам уақыттағы үлесі айқын көрініс табады.