Құрметті Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов мырза,
Құрметті мәртебелілер, ханымдар мен мырзалар,
Әлеуметтік диалог және еңбек дауларын реттеу мәселелеріне арналған осы жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелде сіздерді қарсы алу мен үшін зор мәртебе. Осы іс-шараға шақырғаны үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымындағы әріптестерімізге шынайы алғысымды білдіремін.
Бүгінгі кездесу Қазақстан Үкіметінің, жұмыс берушілер ұйымдарының, қызметкерлер өкілдерінің және БҰҰ жүйесінің лайықты еңбек, әділеттілік пен инклюзивтілік қағидаттарын ілгерілетуге деген ортақ бейілділігін айқын көрсетеді. Лайықты еңбек — бұл тек жұмыс орындары ғана емес, ол ең алдымен адам қадір-қасиеті, қауіпсіздік және мүмкіндіктер туралы. Бұл экономикалық өсімнің әлеуметтік прогреске айналуын қамтамасыз ету, ешкімді назардан тыс қалдырмау кепілі.
Әлеуметтік диалог, немесе үшжақты диалог, осы көзқарастың негізін құрайды. Ол қызметкерлердің, жұмыс берушілердің және үкіметтің дауыстары естілетін, айырмашылықтар конструктивті түрде талқыланатын және ортақ келісімге қол жеткізілетін алаң ұсынады. Дауларды тиімді реттеу тетіктері серіктестер арасындағы сенімді нығайту, қақтығыстардың алдын алу және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Үшжақты диалог бірлестіктер еркіндігі (оның ішінде кәсіподақтар құру еркіндігі) сияқты негізгі адам құқықтарына терең негізделген. Сонымен қатар, ол барлық үш тарапта да мықты институттардың болуын талап етеді.
Қазақстан өз еңбек саясатын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытындағы күш-жігерін жалғастыруда, ал лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі Жол картасы алға жылжудың қосымша жолын ұсынады. Қазақстан Республикасы Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (одақтары) және кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері (одақтары) арасында 2024–2026 жылдарға арналған Бас келісімнің қабылдануын құптаймыз. Аталған құжатта Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету жөніндегі келісімге де сілтеме жасалғанын ерекше қанағатпен атап өткім келеді — бұл Қазақстанның ТДМ-ға берік бейілділігінің тағы бір дәлелі.
Сонымен бірге, қарқынды өзгеріп жатқан экономика, технологиялық трансформация және жаһандық белгісіздік жағдайында диалог пен ынтымақтастықтың серпінді әрі орнықты болып қалуы аса маңызды екенін еске салады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы — ең алдымен Халықаралық еңбек ұйымы — осы жолда Қазақстанға қолдау көрсетуге, мемлекеттік институттармен, жұмыс берушілермен және қызметкерлермен иық тірестіре жұмыс істеуге дайын. Біз бірлесе отырып, әрбір қызметкер қауіпсіз еңбек жағдайларына ие болатын, әрбір жұмыс беруші тұрақты ортада дамитын, ал әрбір қауымдастық әлеуметтік әділеттіліктің игілігін көретін болашақты құра аламыз.
Кеңірек тұрғыда алғанда, БҰҰ Қазақстан Үкіметімен 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасына қол қойды. ТДМ-ға қол жеткізуге қалған бес жылды және жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, біз келесі басымдықтарға назар аударамыз:
- білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау сияқты мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру;
- экономиканы әртараптандыруды және лайықты еңбекті ілгерілету;
- климаттың өзгеруі, биоәртүрліліктің жойылуы және ластану мәселелерін қамтитын үштік планетарлық дағдарысқа қарсы іс-қимылдарды қолдау;
- «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын, инклюзивті басқаруды, азаматтық қоғамды қолдау арқылы әлеуметтік тұтастықты нығайту.
Осы уақытқа дейінгі ынтымақтастығымыз үшін сіздерге алғыс білдіремін.
Бүгінгі талқылаулар ашық, болашаққа бағытталған және шешімдерге негізделген болсын деп шақырамын. Әлеуметтік диалог пен еңбек дауларын реттеудің негіздерін нығайту үшін осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі Жол картасын Қазақстан халқы үшін нақты прогрестің тірі құралына айналдырайық.
Көп рақмет.