Астанада «Тұрақты дамуға апарар жаңа Жібек жолы» атты Орталық Азия форумы өтті
Форум бизнес өкілдерін, мемлекеттік органдарды, Біріккен Ұлттар Ұйымын, даму жөніндегі серіктестер мен азаматтық қоғамды біріктіріп, 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін ілгерілету және өңірлік ынтымақтастықты күшейту мәселелерін талқылауға арналды. Іс-шара БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі мен Орталық Азиядағы БҰҰ Жаһандық шарты желісінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.
Форумға БҰҰ Жаһандық шартына мүше 100-ден астам компания мен серіктес ұйымның өкілдері қатысты. Бұл жеке сектордың өңірде инновацияларды, инклюзивті өсімді және тұрақты экономикалық трансформацияны ілгерілетудегі маңызын айқын көрсетті. Қатысушылар декарбонизация, ESG көшбасшылығы, энергетикалық көшу, цифрландыру мен жасанды интеллект, әйелдер мен жастардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тақырыптарын талқылады.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін уақыттың шектеулі екенін атап өтіп, жеке сектордың шешуші рөліне тоқталды:
«Жеке сектор — инновациялардың, жұмыс орындарының, орнықты жеткізу тізбектерінің және климатқа төзімді өсімнің негізгі қозғаушы күші. Ол өз стратегиялары мен инвестицияларын 2030 күн тәртібімен үйлестіруі тиіс, өйткені нәтижеге жету үшін қолда бар уақыт қысқарып келеді».
Ол сондай-ақ Форум Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың нығаюына негізделгенін, соның ішінде Алматы қаласында БҰҰ Жаһандық шартының көпелді кеңсесінің ашылуын және жауапты бизнестің өңірдегі желісінің кеңеюін атап өтті.
2026–2030 жылдарға арналған БҰҰ-ның Орнықты даму бойынша ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасына (UNSDCF) тоқтала отырып, Саранго Раднарагча жеке сектордың төрт негізгі басым бағыттың барлығында — адамдардың әлеуетін арттыру және институттарды нығайту, орнықты әрі инклюзивті экономика, тұрақты қоршаған орта және әлеуметтік бірлікті күшейту — маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Форум аясында SDG Innovation Accelerator марапаттау рәсімі өтіп, ESG саласындағы инновациялық шешімдер мен өңірдегі тұрақты дамуды ілгерілетудегі жас мамандардың белсенділігі атап өтілді.
Форум қорытындысында қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты, жауапты бизнес тәжірибелерін және көпжақты серіктестіктерді одан әрі дамытуға бейілділігін растады. «Тұрақты дамуға апарар жаңа Жібек жолы» бастамасы Орталық Азияның инклюзивті әрі орнықты болашағына бастайтын ортақ бағыт ретінде айқындалды.