Айгерім Құсайынқызы — қазақтың дәстүрі мен феминизмді үйлестіре отырып, жарқын әрі әділетті болашақты қалыптастыруға үлес қосып жүрген әйел
Айгерім Құсайынқызы — қазақтың дәстүрі мен феминизмді үйлестіре отырып, жарқын әрі әділетті болашақты қалыптастыруға үлес қосып жүрген әйел
Феминизм ұлттық болмысқа негізделе ала ма?
Қазақстандық ғалым, феминист және құқық қорғаушы Айгерім Құсайынқызы мұның мүмкін екеніне сенеді.
Айгерім Құсайынқызы — Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев университетінің 35 жастағы аға оқытушысы және ғылыми қызметкері. Оның ұстанымы академиялық қатаңдықты белсенді азаматтық ұстаныммен ұштастыра отырып, гендерлік теңдікті ілгерілетуге және әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Шығыс пен Батыс ойшылдарының еңбектерінен шабыт алған ол феминизмді Қазақстанның дәстүрлерімен үйлестіруге ұмтылады. Айгерім Құсайынқызы үшін гендерлік теңдік пен әйелдер құқықтары — елдің тарихы мен құндылықтарымен тығыз байланысты ұғымдар.
«Арман алшақтығына» қарсы күрес
Қазақтілді мұғалімдер отбасында дүниеге келген Айгерім Құсайынқызы феминистік көзқарасын бұл ұғымды әлі білмей тұрып-ақ қалыптастырған.
«Шамамен 12 жасымда физика пәнінің мұғаліміне Қазақстандағы тұңғыш әйел ғарышкер болғым келетінін айттым. Ол күліп: “Қойшы, сен жай ғана қызсың ғой”, — деген еді», — деп еске алады ол.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар қоғамның тек еңбекақы теңсіздігімен ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі қыз балалардың армандарын шектейтін “арман алшақтығы” мәселесімен де күресуі қажет екенін көрсетеді. Айгерімнің түсіндіруінше, бес жасқа дейінгі балалардың үміттері мен армандары ұқсас болады, алайда уақыт өте келе олар гендерлік сипат алып, әлеуметтік нормаларға бағына бастайды.
«Көптеген қоғамдарда қыздарды үйде отыруға немесе күтімге байланысты мамандықтарды таңдауға, ал ұлдарды ғылым мен бизнесте жетістікке жетуге үйретеді. Бұл теңсіздіктің сақталуына әкеледі. Тіпті әкем де: “Қыздар — қыз болып, ұлдар — ұл болып қалуы керек”, дейтін. Бірақ мен райымнан қайтпадым да, құқық саласын таңдадым. Мен қарсы тұруды қаладым», — дейді ол.
Білім арқылы мықты ұлт қалыптастыру
Жоғары академиялық жетістіктерінің арқасында Айгерім Құсайынқызы Монреаль университетінде халықаралық іскерлік құқық бойынша магистр дәрежесін, ал Алматыдағы Нархоз университетінде мемлекеттік басқару саласы бойынша PhD дәрежесін алды. Университетте дәріс бере жүріп, ол студенттерін ауқымды армандауға және патриархалды қалыптасқан түсініктерге сын көзбен қарауға ынталандырады.
«Егер ұлттың жартысы білімсіз немесе жұмыссыз болса, ол ел ешқашан мықты бола алмайды», — дейді ол Қазақстандағы тұңғыш әйел журналист, аудармашы, этнограф және педагог, ХХ ғасырдың бірінші жартысында әйелдер құқықтарын қорғаған Назипа Құлжанованың сөзін келтіре отырып.
Айгерім Құсайынқызының айтуынша, бүгінде Қазақстандағы ғалымдардың 55 пайызы — әйелдер. Алайда білім беру мен медицина саласында әйелдер басым болғанымен, олардың тек 30 пайызы STEM салаларында (ғылым, технология, инженерия және математика) еңбек етеді. Осы себепті ол барлық секторларда, әсіресе STEM бағытында, гендерлік теңгерімді ілгерілетуді жақтайды. Бұл жұмысын ол Бейжің+30 күн тәртібіндегі «Шешім қабылдау үдерістеріне толық әрі тең қатысу» басым бағытымен байланыстырады. Бұл күн тәртібі Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасын және 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін іске асыруды жеделдетуге бағытталған ерікті, іс-әрекетке негізделген бастама болып табылады.
Бейжің декларациясының қағидаттарына тоқтала отырып, ол Қазақстанның 1998 жылы Әйелдер істері, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияны құрған Орталық Азиядағы алғашқы елдердің бірі болғанын атап өтеді.
Феминизм туралы нарративті өзгерту
Өзін феминист деп санайтын Айгерім Құсайынқызы өз қызметінде ұлттық дәстүрлерге сүйенудің маңыздылығын атап өтеді. Қазақ тілін пайдалана отырып, ол феминизмнің жат құбылыс емес, керісінше ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін көрсетуді көздейді.
«Көпшілік әлі күнге дейін қазақ әйелдері қандай болуы, қалай киінуі және өзін қалай ұстауы керек деген қатып қалған түсініктерге ие. Оларға жету үшін феминизм идеясы біздің мәдениетіміз бен құндылықтарымызға негізделуі керек», — деп түсіндіреді ол.
Өзгеріске шабыт берген трагедия
2023 жылы Айгерім Құсайынқызы сарапшылар мен мемлекеттік қызметкерлер тобымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заңды әзірлеуге атсалысты. Бұл заң ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Қоғам әйгілі бизнесмен әрі бұрынғы саясаткердің жұбайын өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған сот процесін жіті бақылап отырды.
Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заңға 2024 жылдың сәуірінде Қазақстан Президенті қол қойды. Бұл бүкіл елдегі әйелдер мен қыздар үшін маңызды жеңіс болды.
«Бұл заң — үлкен алға жасалған қадам. Бірақ егер мен зорлық-зомбылық тек физикалық емес, сонымен қатар жыныстық, психологиялық және экономикалық сипатта да болады десем, әлі де сынға ұшыраймын. Сондықтан келесі маңызды мақсатымыз — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрін қоғам деңгейінде мойындату», — дейді Айгерім Құсайынқызы.
2025 жылғы шілдеде Қазақстан Президенті қудалау (сталкинг) мен мәжбүрлі некеге қылмыстық жауапкершілік енгізетін жаңа заңға қол қойды. Бұл реформалар Қазақстанның зорлық-зомбылықтың барлық түрімен күресуге және адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды сақтауға деген берік ұстанымын көрсетеді.
Сынды қабылдай білу
2024 жылы Айгерім Құсайынқызы екінші PhD дәрежесін — бұл жолы гендерлік теңдік тақырыбында — алу үшін Алматыдан Астанаға көшті. Оның айтуынша, бұл шешім саясаткерлер мен шешім қабылдайтын тұлғаларға жақын болуға мүмкіндік береді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту маңызды алғашқы қадам болды. Қазір Парламент харассментке қатысты жаңа заңмен жұмыс істеуде, ол жақын уақытта қабылданады деп үміттенеміз. Қазіргі Еңбек кодексінде домогательство ұғымы жоқ, сондықтан біз әйелдерді жұмыс орнында қорғауға бағытталған нормаларды енгізуге күш салып жатырмыз», — дейді ол.
Қоғамдық қолдаусыз нақты өзгеріс мүмкін емес екенін түсіне отырып, Айгерім Құсайынқызы студенттерімен бірге онлайн пікірталастарға белсенді қатысады. Кейде қарсылыққа тап болғанымен, ол өз ұстанымын табандылықпен қорғайды.
«Қазақстанда маған феминист болғаным үшін ұнамайтын адамдар бар. Бірақ көбіне бұл — олардың теңдіктен қорқатынының белгісі. Сондықтан мен оларға: қорықпаңыздар; бұл әйелдердің үстемдігі туралы емес, теңдік туралы. Біз оған бірге жете аламыз, — деймін», — деп күлімсірейді ол.
Бұл мақала Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасының 30 жылдығына арналған «Бейжің+30» аймақтық коммуникациялық науқаны жобасының бір бөлігі. Мұнда айтылған пікірлер басты кейіпкер мен авторға тиесілі және «БҰҰ-әйелдер» құрылымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы немесе оған тиесілі басқа ұйымдарының көзқарасын міндетті түрде білдірмейді.